Қордайда көлік жүргізушілері Қазақстаннан жанармай құйып, Қырғызстанға апарып сатуды кәсіпке айналдырған
Қордайда Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында көлік жүргізушілері Қазақстаннан жанармай шығарып, Қырғызстанға апарып сатуды кәсіпке айналдырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Abay Live Youtube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скрин
Журналистің айтуынша, Қордайдағы кеден бекетінде тұрған көліктердің көбі – ескі Passat көліктері. Жүргізушілер бұл көліктерді 80-90 литрлік үлкен жанармай багы үшін таңдайды екен. Қазақстанға бос бакпен кірген көліктер жанармай толтырып алған соң Қырғызстанға қайта өтеді.
Жағдаймен жақын таныс алматылық азаматтың айтуынша, бұл жағдай жаңа жылдан бері тіпті ушыққан. Қазір кеден бекетіндегі кезектің екі қатарын осы "жанармай тасымалдаушылар” меншіктеп алған, тек бір қатар қарапайым көлік жүргізушілері үшін екен. Ол "жанармай тасымалдаушылар” арасында қырғызстандық көліктермен қатар қазақстандық көліктер де бар екенін айтады.
Қырғызстаннан келе жатқан қазақстандық көрші елде жанармай алу тиімсіз екенін, баға екі есе қымбат екенін айтады.
"Жанар-жағармай тасымалдаған": Қазақстан мен Өзбекстан шекарасынан 450 метрлік туннель табылды
Шекарашылардың айтуынша, егер көлік өз бензин багынан артық зат пайдаланбаса, ешқандай кедергісіз өте алады. Алайда күн сайын көлігіне қосымша жанармай құятын бөшке орнатып, заңсыздыққа баратын бірнеше көлік ұсталады екен. Мысалы репортаж барысында ұсталған бір көліктің жүргізушісі қосымша бөшкелердің арқасында бір мезетте 200 литр жанармай өткізе алатынын айтады. Оның айтуынша, Қырғызстанға апарған жанармайды литрін 47 сомға, шамамен 260-300 теңгеге сатады.
Энергетика министрлігі мұнай тасымалдау және өңдеу департаменті басшысының орынбасары Талғат Мақуовтың айтуынша, Қазақстандағы бензин бағасының арзандығының басты себебі министрлік енгізген шекті баға саясаты.
Министрлік өкілі Қазақстанда бензин бағасы көрші елдермен салыстырғанда 20%-дан 140%-ға дейін арзан екенін айтады. Сұр экспортпен күресу үшін министрлік жанармай бағасын мемлекет тарапынан реттеуді алып тастамақ.
Energy Monitor қоғамдық қоры директоры Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, мемлекет жанар-жағармайдың шекті бағасын алыс тастаса, бензин құны шарықтап кетеді деп қорқу орынсыз. Себебі бензин бағасы мемлекет ішкі нарыққа жіберетін мұнай бағасына тәуелді. Ал бұл тағы да министрлік бақылуындағы дүние. Сондықтан жағдай үнемі бақылауда болады дейді сарапшы.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасын мемлекет тарапынан реттеу алынып тасталатыны туралы жазған едік.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
