Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Пышақтап кетемін деп қорқытты". Көпті шошытқан талдықорғандық қыздардың төбелесіне не себеп болды?

Әлеуметтік желіде тараған Талдықорғандық жасөспірімдердің төбелесі жұрттың жағасын ұстатты. “Қыздардың өзара жаға жыртысуына не себеп және бұған кім кінәлі?” деген сұрақтардың жауабы “Көреміз” бағдарламасында айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.  

Сюжеттен кадр

Жағдайдың анық-қанығын білу үшін қыздар туралы қысқаша мәлімет бере кетейік. Үш қыз жабылып, ұрып-соққан жәбірленуші 15 жастағы Мадина есімді қыз. Айсұлу Төкен – бейнежазбада жәбірленушіні аяусыз соққыға жыққан бойжеткен. 17 жастағы қыз Үштөбе қаласындағы Бастөбе техникалық колледжінің 1 курс студенті. Видеода Айсұлуға болысқан қыз күртешедегі жасөспірім – Мейрамгүл. Талдықорған қалалық кешкі мектептің 9 сынып оқушысы. Жұдырық алып жүгіргендердің үшіншісі – Жансая. Бойжеткен Жетісу колледжінің 1 курс студенті.

Мәдина қазіргі уақытта облыстық балалар ауруханасында жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, емханаға ауыр жағдайда келіп түскен оның қазіргі денсаулығы орташа. Миы шайқалып, денесінен гематомалар табылды.

Желіге тараған бейнежазба Талдықорғандық блогер Алекса Кимнің назарына іліккен. Мәдинаға көмектеспек болып бел буған ол оның жеке парақшасын іздеп табады. Алекса да видеоны бұзақылық жасаған қыздардың бірінің парақшасынан көріп қалған. 

“Мен бұл қыздарды танымаймын. Маған белгісіз біреу Мәдинаның парақшасына жіберді. Оған өзім жазып, көмек бергім келетінін айттым. Бұл мәселені көтеріп, желіге таратқан соң, Мәдинаға қолдау көрсеткісі келгендер табылды”, – дейді Алекса.

Алексаның өзіне де заң органдары мен полиция қызметкерлерінің тарапынан қысым көрсетілген. “Арыз жазба, болмаса өлтірем” деп қоқан-лоқы көрсеткендер де жетерлік. Олардың ішінде форма киген капитан, лейтенат дәрежесіндегі полиция қызметкерлері бар. Алекса мұны растады.

“Неге арыз жазбадың?” деген сұраққа Мәдинаның әжесі Бағдаткүл Тынықбаева: “Полиция қызметкерлері қызымды алып келіп, “Бәрі жақсы, қыздар өзара ұрысып қалыпты” деген соң мен де дау көтермедім. Келесі күні видеоны көріп шошыдым. Қыздың жасы 15-те. Шешесі саудамен айналысады. Іс-сапармен келіп-кетіп тұрады. Мәдинаның ата-анасы ажырасып кеткен,” деп жауап берді.

Төбелесті бастаған Айсұлудың анасы Қарлығаш Қабдолдаева қызының бұл қылығын өзінше түсіндіруге тырысты. Қарлығаштың айтуынша, болған оқыс оқиға туралы ол полиция келмей тұрып, жарты сағат бұрын білген. Төбелесті Айсұлудың құрбыларының парақшасынан көріп қалған.

“Негізі Айсұлу менімен тұрады. Сол күндері менің ауырып қалғаныма байланысты әпкемнің үйінде болды. Сол күні төбелестің қалай болғанын, Айсұлудың құрбылары туралы ештеңе білмеймін. Құндыз деген қыз туралы көп естігенмін, бірақ кездесіп, танысқан емеспін. Қызымның 17 жасында үйленіп , ажырасып кеткені рас. Былтыр жаздық демалыс кезінде екі рет алып қашып кетті. Біріншісінде өзіміз қызымды алып қайттық. Екінші мәрте алып қашқанда Айсұлудың өзі “сүйемін” деген соң қалып қойды. Видеоны желіге жүктеген Құндыз есімді қыз сол жігіттің алыс туысы болып келеді екен. Былтыр қараша айында қызым ажырасып кетті”, – дейді Айсұлудың анасы.

Сондай-ақ, ол қызының бұрын соңды мұндай қылығын көрмегенін айтып қалды. Болған жағдайға Мәдина да кінәлі деп санайды ол.

Айсұлу мен анасының айтуынша, олар жалдамалы пәтерге жиналған күні Мәдина Айсұлу мен төбелесті телефонға түсірген жігіттің телефонын алып, ломбардқа өткізіп жіберген. Бұл жағдай қыздардың Мәдинаны тепкіге алуына себеп болған. Қарлығаш Мәдина мен құрбысы Аяулым 7 күні Айсұлуды төбелеске шақырып, “пышақтап кетеміз” деп қорқытқан. Қарлығаш ауруханада жатқан Мәдинаның да жағдайын білген. Айтуынша, ауыр жарақаты жоқ. Бірақ, ол қызының әрекетін еш ақтай алмайтынын жеткізді.

Төбелеске қатысы бар бойжеткендердің бейнежазбасында полиция қызметкерлері бір емес, бірнеше мәрте бой көрсетті. Студияға жиналған сарапшылар бұл іске құзырлы органдардың да қатысы бар деп санайды.

Көпшіліктің ашын туғызып, жағасын ұстатқан төбелеске не себеп болғанын Айнұрдың өзі айтып берді.

“Біз 4 қаңтар күні күндіз өзіміз демалып отырамыз деп осы пәтерге жиналдық. Жиыналып отырып ішімдік іштік, мен де іштім. Түнгі сағат 12:00-де үйге қайтып кеткенде телефонымның жоқ екенін байқаймын. Төбелесті видеоға түсірген Ермек есімді жігіттің де телефоны жоғалған. Сонда Мәдинаның өз менің телефонымды алып, дүкенге кепілге қойып кеткенін айтты. Бірақ келесі күні өзім алып беремін деп уәде етті. 7 қаңтар күні Мәдина мен Аяулым менің жанымдағы Алтынай деген қызға хабарласып менің төбелеске шақырды. Бірақ мен бармадым, себебі олардан қорықтым”, – деп ағынан жарылды Айсұлу.

Бойжеткеннің айтуынша, төбелес болғаны күні пәтерде қыздардан бөлек төрт жігіт болған. Сол жігіттердің бірі – кинолог. Яғни, полицияға қатысы бар. Қыздардың жаға жыртысуына, ұрланған ұялы телефон ғана емес, Мәдинаның құрбысымен бірігіп Айсұлуға қоқан-лоқы көрсетуі де себеп болған.

Қатарластарынан жәбір көрген Мәдинаның ақиқаты бағдарламаның келесі санында айтылмақ.

Талқылау