Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көптен бері қорқытып келді": "Әділ сөз" қорының басшысы Михаил Козачковтың құқықтарының бұзылғанын айтты

"Әділ сөз" қорының басшысы бір күн бұрын Қаржы мониторинг агенттігі ұстаған белгілі журналист Михаил Козачковке біраз уақыттан бері қоқан-лоқы жасалып келгені туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Козачков 333

"Белгілі журналист Михаил Козачковтың ұсталуы – азаматтың конституциялық құқықтарының, еліміздің заңнамасының іргелі негіздерінің және Қазақстан қабылдаған халықаралық міндеттемелердің бұзылуының айқын мысалы. Оны көпшілік алдында соттың шешімінсіз Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабын бұзды деп бірқатар ауыр қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деп тапты. Ал айыптау туралы егжей-тегжейлі баспасөз хабарламасы қамауға алынғаннан кейін бірден таратылды", – дейді қоғам белсендісі Карла Жаманқұлова.

Қоғам белсендісі Козачковтың құқығының өрескел бұзылғанын баса айтып өткен.

"Бірнеше сағаттың ішінде ол конституциялық кепілдік берілген заң көмегін алу құқығынан айырылды. Козачковтың пәтерін тінту адвокаттың қатысуынсыз өтті, оны Қаржы мониторинг агенттігі қызметкерлері ішке кіргізбеді, тіпті ол оқиға орнына шақырылған полиция қызметкерлерімен бірге кірмек болған кезде де рұқсат етпеген. Заңгер Михаил Козачковпен оңаша сөйлесу мүмкіндігінен де айырылды. Сонымен қатар, Козачковқа тағылған бірқатар айыптар полиция қызметі саласына жатады және Қаржы мониторинг құзыретіне жатпайды. Осы фактілердің өзі аталған агенттіктің Михаил Козачковқа қарсы әрекетін заңсыз деп тану үшін жеткілікті", – дейді Жаманқұлова.

Сонымен қоса БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділері Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына өтініш жазып, Козачковты босатуға көмектесуді сұраған.



Тұтқынға алынбас бұрын журналист өзіне және оның балаларына қатысты қоқан-лоқылар, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде өзі туралы белсенді түрде жазылған жала туралы хабарлаған.

"Осының барлығы Михаил Козачков жүргізген және жариялаған журналистік тергеулерге байланысты бұл істің тапсырыс екеніне күдік туғызады. Михаил Козачков – сыбайлас жемқорлық пен басқа да заң бұзушылықтарды, соның ішінде құқық қорғау және сот жүйесіндегі құқық бұзушылықтарды өткір сынмен жазып жүрген тәжірибелі журналист. Ол барлық мақалаларын құжаттар мен фактілерге сүйене отырып жазған. Тергеудің әділдігі мен объективтілігіне күмәндануға елеулі себептер бар, өйткені құқық қорғау органдарының әрекеттері сіз (Президент Қасым-Жомарт Тоқаев туралы айтылып отыр – ред.) уәде еткен Әділетті Қазақстандағы саяси реформаларды іс жүзінде бұзып отыр. Біз Михаил Козачковты тез арада босатып, оның құқықтарының бұзылуына кінәлілер жауапқа тартылуы керек деп есептейміз", - делінген қоғам белсенділерінің өтінішінде.

Ақпарат және қоғамдастық даму министрі Дархан Қыдырәлі Михаил Козачковтың ұсталуына байланысты өз ойын білдірді.

Министр қазір ергеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, бұған қатысты қандай да бір пікір айтуға әлі ерте екенін жеткізген.

"Әріптесіміз Михаил Козачковқа қатысты жағдайдан ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің ақпараты арқылы хабардар болдық. Жағдай министрліктің жіті қадағалауында. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, бұған қатысты қандай да бір пікір айтып, баға беруге ерте. Дегенмен ол объективті жүреді деп сенеміз", –  дейді Дархан Қыдырәлі.

Талқылау