Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көпбалалы отбасылар мен ипотека төлейтіндер енді салықтан жеңілдік ала алмайды

Көпбалалы отбасылар мен ипотека төлейтіндер енді салықтан жеңілдік ала аламайдыФото: Stan.kz

Қазақстанда жеке табыс салығының жеңілдіктері қысқарды. Енді жалақыдан ай сайын ұсталатын қаржы бойынша ғана шегерім беріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Салықтан жеңілдік алу тоқтағанымен, биылдан бастап жұмыс істейтін барлық азаматқа қолжетімді базалық салық шегерімінің мөлшері өсті. Сәйкесінше жалақы сомасы көбеймек. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәлімдеуінше, ол үшін өтініш жазып, есепшіге құжат жинаудың қажеті жоқ. 

Мысалы, 300 мың теңге айлыққа жұмыс істегендер бұған дейін қолға 243 мың теңге алып жүрсе, осы айдан бастап 250 мың 575 теңге алады. Яғни, 6 мың 920 теңгеге артық. 

“Бізде жалпыға қолданылатын салық шегерімі 30 айлық есептік көрсеткішке өсті. Бірақ одан қалтамыз ай сайын көп болса 10 мың теңгеге толар. Үкімет жеңілдік сомасын арттырды, есесіне ипотекасы барларға, көпбалалы отбасыларға, медициналық қызметтерге арналған шегерімдерді алып тастады”, – дейді салық сарапшысы Айдар Масатбаев.

Биылдан бастап шегерімнің тек үш түрі бар:

  • Жалпыға арналған бәріне ортақ базалық; 
  • Әлеуметтік төлемдерге қатысты;
  • 1,2 топтағы мүгедектерге, ардагерлерге арналған жеңілдіктер.

Экономистердің пікірінше, салықтан қанша қаржы қайтса да дәл қазіргі қымбатшылықтың кесірінен пайдасы білінбейді.

“Инфляцияның дәрежесі 10-12% болып жатыр. Соған байланысты 7-8 мың теңгенің қайтарылып келуі айтарлықтай әсерін тигізеді деп айта алмаймын. Бірақ та көптеген азаматтар үшін, ең төменгі жалақыға өмір сүретіндер үшін жаңағы қаражат олардың коммуналдық шығындарын, күнделікті тұрмыстық шығындарының бір шетін жабуға да мүмкіндік береді”, – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.

Еске салайық, былтыр ипотека бойынша салық шегерімін қолдану мүмкіндігі Отбасы банктен бөлек, басқа банктердің қарыз алушыларына да ұсынылатыны айтылды. Бірақ ол игілікті қолданып үлгергенше, жабылып тынды. Көпбалалылар мен ұл-қызы ақылы оқитындарға да жеңілдік болады деп сүйіншілеген едік. Оның да іске асқаны шамалы. Ал сарапшылар қазіргі шегерімдің пайдасы айлығы 140 мың теңгеден аспайтындарға ғана сезілуі мүмкін деген пікірде.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 06 Қаңтар, 2026 08:57