"Көпбалалы болуды романтизацияламаймын": Талдықорғандық келіншек төрт баланы өсірудің қуанышы мен жауапкершілігін айтты
Алғашқы сәбиін ұзақ күткен талдықорғандық ерлі-зайыпты – бүгінде төрт баланың ата-анасы. Олар көпбалалы болуды алдын ала ойлап, саналы түрде шешім қабылдаған. Данагүл Берекет Stan.kz ақпарат агенттігіне төрт баланы тәрбиелеудің қиындығы мен артықшылығын айтып берді.
“Балаларымыз еңбекқор болуды үйретті”
Талдықорған тұрғыны Данагүл Берекет пен Қозыбай Құрман – шаңырақ көтергеніне тоғыз жыл болған жұп. Қазір олар төрт баланы тәрбиелеп отыр: тұңғышы алты жаста, кенжесі бір жаста. Балаларының арасы жақын, себебі алғашқы сәбиін ұзақ күткен олар кейін қатарынан балалы болуды жөн санаған.
"Медицина бойынша балалардың арасы кемінде үш жыл болғаны дұрыс дейді. Бірақ өзім 29 жастамын, жолдасым 36 жаста. Олар аяқтанып студент болғанша, жолдасым зейнетке шығады. Осыны ескеріп, қатарынан балалы болуды жөн көрдік", – дейді Данагүл.
Данагүл көпбалалы болудың жауапкершілігі зор екенін мойындайды, бірақ оның берер қуанышы мен артықшылығы да көп дейді. Мәселен, балалары дүниеге келген соң, жолдасы екеуі бұрынғыдан да еңбекқор бола түскен екен.
“Қолымнан келмейді деген сөзді ұмытасың. Балаларың үшін барлығыңды беруге дайын боласың. Еңбектенуге, ізденуге, өміріңді тәртіпке келтіруге итермелейді. Әр баланың қызығушылығын қолдап, жақсы білім мен тәрбие беруге тырысасың. Кейде олар бір-біріне тығылып ұйықтап жатқанда, ‘ұялас күшіктерім-ай’ деп еркелетіп қоямын”, – дейді ол.

Данагүл төрт баланы тәрбиелеу мен бағып-қағудың оңай еместігін жасырмайды. Әсіресе, декреттік демалыста баламен отырған аналар үйден шыға алмай, күйзеліске ұшырайтынын айтады.
“Жүкті кезімде дәрігерге уақтылы бара алмай қалатынмын. Күйеуім жұмыста болған соң, балаларымды қайда қалдырарымды білмейтінмін. Қазір жолдасым қашықтан істейді, сол себепті мәселенің шешімін таптық. Екеуіміз бір-біріміздың уақытымызға, шаруамызға ыңғайланып, балаларға кезекпен қараймыз, қажет болса ‘няня на час’ қызметін пайдаланамыз”, – дейді ол.

“Біз тек балаларымызды тәрбиелеп отырған жоқпыз”
Данагүл көпбалалы отбасы болғалы балалардың ең әуелі ата-анасының көңілі мен уақытын қажет ететінін түсінген. Ол балаларымен бірге уақыт өткізсе, сабақ оқыса, бірге қыдырса, кішкентайларының көңілі тоқ болып жүретінін байқаған.
“Кейде тұрмыс пен жұмыстың ортасында шапқылап жүріп, балалармен сапалы уақыт өткізуге үлгермей жатамыз. Бірақ әрқайсына жеке көңіл бөліп, жақсы қасиеттерін байқай білу – маңызды. Себебі біз ертең қоғамға пайда әкелетін, өз отбасына қамқор, адал ұрпақ тәрбиелеп отырмыз. Балаларымыз біреуге дос, біреуге әріптес, біреуге көрші болады. Сол кезде лайық үлгі көрсете алмадық па деп ұялып қалмауымыз маңызды”, – дейді ол.
Данагүл мен Құрман балаларына екі басты құндылықты сіңіруге тырысады. Соның бірі – еңбекқорлық.
“Отбасында ер бала үшін әкенің маңызы жоғары. Соны ескеріп, әкесі ауладағы шаруаларға араластырғысы келеді. Әзірге үлкен істерге шамалары жетпесе де, бақша егу, құлпынай теру сияқты жеңіл жұмыстарға жұмсайды. Қыздыкі-ұлдыкі демей, үй тірлігіне де, түздің жұмысына да епті болса, болашақта өздеріне жақсы. Мысалы, тұңғышымыз жеті жасқа толған соң, қолына құман беріп, иығына орамал іліп қонақтың қолына су құйғанын күтемін. Осылай, балаларымыз елдің батасын алады, осы үйдің бір азаматы екенін сезініп, жауапкершілік сезінеді”, – дейді ол.
“Көпбалалы болуды романтизацияламаймын, бірақ оның да өз қуанышы бар”
Бұл отбасының екінші құндылығы – отбасы сабақтастығын сақтау. Балалары үлкендердің тәрбиесін алып, туыстық байланысын үзбесін деп, басқа қалада тұратын ата-әжесіне жиі жіберіп тұрады екен.
Данагүл мен жолдасы балаларының болашағына да ерекше мән береді. Олар балалары ешкімге алақан жаймай, еңбек етіп, ғылым мен білімге ұмтылғанын қалайды. Сондықтан қазір олар тынбай еңбек етіп, балаларының барлық негізгі қажетігін қамтасыз етуге тырысып жатыр.
“Мемлекеттен 63 мың теңге жәрдемақы аламыз, кей қоғамдық орындарда жеңілдік беріледі. Көпбалалы отбасыларға арналған гранттар да болады екен, бірақ шектеулі өңірлер ғана қатыса алады екен. Қатысу мүмкіндігі болса, өз кәсібімізді дамытқымыз келер еді”, – дейді ана.
Данагүл жаңадан отау құрған жас отбасыларға, көпбалалы ата-ана болғысы келетіндерге өз кеңесін берді. Ол әуелі балалы болуды саналы түрде жоспарлауды ұсынды. Жас-жұбайлар денсаулығын тексертіп, ағзасындағы дефициттерді толтырғаны жөн.
“Бала сүюді саналы түрде жоспарлау керек. Денсаулықты тексертіп, ағзадағы тапшылықтарды толтырған жөн. Қазір РАС, ЗПРР диагноздары көбейіп барады, ал бұл көпбалалы отбасылар үшін екі есе ауыр. Сондықтан алдын алған маңызды. Оған қоса әр балаға депозит ашып, болашағына қаржы жинау керек. Көпбалалы болуды романтизацияламаймын, оның да өз қиындығы бар. Бірақ тәуекел еткен адамға Алла да, өмір де дем береді. Тек сабыр мен сүйіспеншілік болса болды”, – дейді ол.
 
Үй алудың жаңа мүмкіндіктері: Алдағы уақытта қандай тұрғын үй бағдарламалары іске қосылады
 
