Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда көпбалалы аналар жеке кәсібін ашу үшін көмекті қайдан ала алады?

Қазақстанда төрт және одан да көп баласы барлар көпбалалы отбасы болып саналады. Бүгінде елімізде көпбалалы аналарға жәрдемақы ғана емес, мемлекет тарапынан жұмысқа тұрғызу мен несиелендіру, бизнес ашуға мүмкіндік жасалады. Ол үшін арнайы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы қарастырылған. Stan.kz редакциясы көпбалалы аналарға көрсетілетін көмек жайында айтып, мемлекеттік бағдарлама арқасында кәсібін дөңгелетіп кеткен аналардың шынайы оқиғасымен бөлісетін болады. 

Қанша көпбалалы ана жұмысқа орналасты және қандай жұмыс орындары бөлінді?

Көпбалалы аналардың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысуына 2018 жылдан бастап мониторинг жүргізіледі. 2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша көпбалалы отбасылар мүшесі қатарындағы 12,5 мың адам «Еңбек» бағдарламасына қатысты. Бағдарламаның бірнеше бағыты бар:

Бағдарламаның бірінші бағыты – «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету. Аталған бағыт шеңберінде 38 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтылып, оның ішінде 9 адам оқуды аяқтап, оның 5-і жұмысқа орналасты.

Бағдарламаның екінші бағыты – Жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Бұл бағыт шеңберінде көпбалалы отбасы мүшесі қатарындағы 3215 адамға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға қайтарымсыз гранттар бөлінді: 998 адамға микрокредит берілді және 644 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жіберілді.

Бағдарламаның үшінші бағыты – Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту шеңберінде көпбалалы отбасылардың мүшелері қатарындағы 3 054 адам тұрақты жұмыс орындарына орналасты, 1 334 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты, 2242 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді және 177 адам жастар практикасына жіберілді.

Көпбалалы аналарды жұмысқа орналастыру қалай жүзеге асырылады? Қажетті құжаттар тізімі, қандай мекеме арқылы өткізу қажет ?

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысу үшін өздері тұрақты тұратын жерде орналасқан халықты жұмыспен қамту орталығына жүгініп немесе электрондық үкімет порталы арқылы халықты жұмыспен қамту туралы заңнамаға сәйкес «жұмыс іздеген адам» немесе жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс. Жұмыс іздеген адам ретінде тіркелу үшін жеке басты куәландыратын құжат жеткілікті.

Көпбалалы аналарға кәсіп ашуға қандай көмек беріледі? Несие беру қарастырылған ба?

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының басты міндеттірінің бірі - тұрғындарды, оның ішінде көпбалалы, табысы аз отбасылардың мүшелерін жаппай кәсіпкерлікке тарту.

1) төмен пайызды мөлшерлемелермен шағын несиелер беру;

2) жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде қайтарымсыз гранттар беру;
3) «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту арқылы жүзеге асырылады.

2019 жылы көпбалалы, табысы аз отбасылардың мүшелерін кәсіпкерлікке тарту мақсатында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына толықтырулар енгізіліп, аталған санатқа несие беру тетігі енгізілді.

Көпбалалы отбасылар үшін:

- несиелендіру мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылды;

- микрокредиттің ең үлкен сомасы 8 000 АЕК-ке дейінгі соманы құрайды;

- жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6%-дан 4%-ға дейін азайтылды.

Сонымен қатар, кредит алуға кепіл мүлкі жеткіліксіз көпбалалы отбасылардың мүшелері үшін кредит сомасының 95%-ы мемлекет тарапынан кепілдендіріледі. Бұл ретте қалған 5%-ын адамдардың өздері кепілдендіруге тиіс.

Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша көпбалалы отбасылардың мүшелері қатарындағы 998 адам 4%-дық сыйақы мөлшерлемесімен микрокредиттер алды.

Бүгінде көпбалалы аналарға көмек беріп, жәрдемдесетін қолдау орталықтары бар. Алматы қаласының әрбір ауданында "Бақытты отбасы" орталықтары мен "Qoldaý" кәсіпкерлік орталығы жұмыс істейді.

 

Кәсіп ашқан аналар оқиғасы: Инклюзивті балаларға арналған балабақша

Күлсара Мырзалиева, 32 жаста, 5 баланың анасы

Үш жыл бұрын туған жерінен мегополиске көшіп келген Күлсара көп қиындық көреді. 

Түркістан облысы Жетісай қаласының тумасы екі баласының мүгедектігі барына қарамастан, қаланың тіршілігіне сіңісіп, еңбек етуден жалықпаған. Еш уақыт қол қусырып отырмаған ана тігінмен де айналысып, санитар, тазалаушы болып та еңбектенгенін айтады. Кәсіп ашуға, білім алуға мүмкіндік барын білген бойда, ол ана рөлін алып жүре отыра, жаңа өмір баспалдақтарына көтерілуге де ниеттенеді. Мамандардың тиісті кеңестерін ала жүре, бүгін кәсібін дөңгелетіп те үлгерген. 

Күлсара инклюзивті, ерекше балаларға арналған балабақшаның тұсауын кесті.

"Екі баламның мүгедектігіне байланысты 3 жыл бұрын Алматыға көшкенмін. Ол кезде "Бақытты отбасы" ұйымы әлі ашылмаған еді. Бір жылдан кейін "Бақытты отбасы" орталығы ашылып, балаларымның туу туралы куәлігін апарып, сонда тіркедім. 

"Атамекен" кәсіпкерлер палатасы ұсынған мүмкіндікті пайдаланып, курс оқып, сертификат алдым. Өз кәсібімді өрлетіп, дамыту үшін барымды салып, оқыдым. Негізгі мамандығым - педагог-психолог. Балабақшада 8 жыл жұмыс істегенмін: басында, санитар қызметшісі, тазалаушы болып жұмыс бастағанмын. Одан кейін шаштаразшыны оқып алдым. Шаштараз болып жүріп, педагог-психолог болып балбақшада жұмыс істедім. Қазақ тілі пәні мұғалімі де болдым, оның да сертификаты бар. Осылайша, ақырындап өз кәсібімді өрлетуге тырыстым. 

Ол кезде аяғым ауыр болса да, көп курстарға қатысуды дұрыс деп шештім. Бала-шағаның несібесі, балаларым тоқ жүрсін деп, тойбастардың заттарын да тіктім. Үйде отырып, қол қусырып, қарап отырмайтынмын", - дейді Күлсара.

Айтуынша, мемлекеттен бөлінетін 500 мың теңгелік грантты да, кейін кәсібін өрлету үшін 2,5 млн теңгенің грантын да ұтып алған. Соңғысына балабақшаның қажетті жиһаздарын алған. 

Үйден отырып, тойбастардың заттарын тіккенге "Бақытты отбасы" қолдау орталығы көп көмектесті: тігін машинасын, мата тоқуға арналған тігін машинасы, үтік әкеліп берді. Карантин уақытында да әкімдіктен азық-түлік әкеліп беріп отырды. Жүкті кезімде осы заттарды сатып, жәрмеңкелерге шығатынмын. Карантин кезінде жобамды комиссия мүшелері алдында қорғап, жақында осы іске қосуға арналған 2 млн теңге грант ұтқанымды білдім. Қазір осы балабақшамды ашып жатқан жағдайым бар. Осыған дейін тігіншілікке байланысты, тойбастардың заттарын жасаймын деп 500 мың теңгені ұтып алған болатынмын. Ол кәсібімді де дөңгелетіп жүрмін", - дейді ана.

Күлсара әр жұмысты бастарда қиыншылық болатынын айтады. Еңбек бәрін де жеңбек, деп есептейді ол. Қазіргі балабақшасында көпбалалы аналарға жеңілдіктер бар.

"Бала-шағаның тамағы, киімі бар, алайда өз кәсібімді ашамын, дамытамын деп, үш жақты да алып жүрмін. Балалардың қамқорлығы, балабақшамен, тігінмен айналысамын. Еліме, жеріме көмек болсын деп, балабақша ашып отырған жайым бар. Қиындық болса да, төзе білу керек деп ойлаймын. 

"Бақытты отбасы" орталығына, әкімдікке көпбалалы отбасылардың жағдайын жасап жатқаны үшін үлкен алғысымды білдіремін. Көпбалалы аналарға айтарым, жағдайым жоқ, балала-шағамды қалай асырамын деп, алақан жайып отырсаң, ешкім ештеңе бермейді. Тек еңбектену керек деп есептеймін", - дейді ана.

Күлсара Мырзалиева балбақшасында көпбалалы аналарға жеңілдік бар екенін айтады. Жалпы балабақша ақысы 25 000-нан жоғары.

Осыған дейін көмек жайлы естіген жоқпын. Көпбалалы отбасылар үшін еңбек етіп жүрген жұмысшыларға, әкімдерге, Түркісіб ауданы әкіміне алғыс білдіремін", - дейді ол.

 

"Дүкен кәмпитін табиғи тәттіге алмастырған"

 

Розбуви Разиева, 34 жаста, төрт баланың анасы:

Бүгінде ол жемістерден жасалған чипсы өндіру бойынша кәсіп ашқан. Айтуынша, төртінші баласы дүниеге келген соң, "Бақытты отбасы" қолдау орталығына жүгінген.

"Орталыққа өтініш білдірген соң, онда бізге жеке бизнесін ашуға арналған мемлекеттік грант туралы айтылды. Мен бұл бизнес туралы көптен армандап, барлық құжаттарды жинап көруді шештім, оқудан өтіп, бизнес жоспарымды қорғап, 200 АЕК көлемінде грант ұттым.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында өз бизнесімізді қаңтар айында бастадым. Қазір @Pastila_frutochipsi инстаграм парақшасын жүргіземін. Кәсібімді ашқан соң, менің көпбалалы ана ретіндегі өмірім одан сайын түрлене түсті. Үйден шықпай-ақ, табыс табуға мүмкіндік пайда болды. Үйде отырып, фрипсы (жемістен жасалған чипсы) мен пастила жасаймын және өзіме өте ыңғайлы. Сондай-ақ, балаларыма кәмпит пен дүкен тәттілерін табиғи тәттілерге алмастырдым, - дейді Розбуви. 

Розбуви көпбалалы аналарға мемлекет беретін қолдаудан қалыс қалмай, аңсаған арман мен қойған мақсатқа жетудің тиімді тәсілін ұсынады. Айтуынша, осылайша өмірдің жаңаша деңгейіне көтерілуге болады. 

Қазір төрт баланың анасы кептірілген жемістерден жасалған тәттілерін тұтынушыларына ұсынып жүр. Кәсіп бастағанға дейінгі өмірім тек балалар қамқорлығы мен үй тіршілігінен басқаға аумайтын дейді ол. Алайда қазір жас ананың алға қойған мақсаты көп. Жүргізіп отырған кәсібі - бұл тек бастамасы ғана. 

 

Шаштараз ашқан Меруерт

Меруерт Тойтаева, 4 баланың анасы:

Алматы облысы Ұзынағаш ауылының тумасы Меруерт Алматыда оқып, жұмыс істеп жүріп алматылық жігітке тұрмысқа шығады. 4 баланың анасы атанып, жұбайына қолғабыс етудің жолдарын қарастырады. Жастайынан еңбекке жақын Меруерт шаштараз болуға икемі бар болып шығады. Оны "Бастау Бизнес" курсында оқып жүріп, өзін тани жүріп түсінеді.

"Екі ұл, екі қызы бар көпбалалы анамын. "Бақытты отбасы" ұйымы ашылған кезден-ақ, тегін курстардың бәрін оқуды жөн көрдім. Балаларым кішкентай болған кезде дұрыс жұмыс істей алмайтынмын. Шаштараз әрқашан керек мамандық деген оймен, бағымды осы кәсіп ашатын болар дедім.  Курс оқу кезінде шаш алуға икемім бар екенін түсіндім. "Бастау Бизнес" курсында оқып, кейін 555 600 теңге грант ұтып алдым", - дейді Меруерт.

Айтуынша, аталмыш курста ол кәсіпті бастаудың қыр-сырын үйренген, бәскелестікпен қалай жұмыс істеу қажет, маркетингті қалай жүргізеді, бизнес жоспарды сауатты жасау - соның бәрін курста үйренген. 

"Үйдің есік алдында шаштараз аштық. Бір ай жұмыс істеп, өзіме клиент таба бастадым. Карантинде жұмыс істемегеніміз болмаса, бәрі ойдағыдай дамып келеді. Қазір қызметімді қайта жандандырып істеп келе жатырмын. Жұмысым үйімнің алдында болғандықтан, үйге де, балаларға да көңіл бөле аламын", - дейді ол. 

Меруерттің көпбалалы аналарға айтар кеңесі де бар. Мемлекет мүмкіндік беріп тұрғанда оны пайдалану керек, дейді ол.

"Бәлкім көбінде өздеріне деген сенімсіздік, қорқу болуы мүмкін. Оның бәрін жеңу қажет, ештеңеден қорықпау керек. Адам үш күнде барлық нәрсеге үйренді деп жатады, сол сияқты қымбатты аналар, қолдарыңыздан бәрі келеді, қорықпай тек алға қадам басыңыздар!", - дейді көпбалалы ана.

 

Кәсіп ашып, 19 адамды жұмыспен қамтып отыр

Алматылық Алтынгүл Сейлханованың кәсібі тігінмен етене байланысты. Көпбалалы ана мемлекеттік қаржыландыру мен тегін курстар арқасында "Асселим" аталатын әлеуметтік ательесін ашқан.

 "Бақытты отбасы" көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау үшін аудандық әлеуметтік орталықта қажетті білім алып, көпбалалы ана Алтынгүл Сейілханова "Бастау бизнес" бағдарламасы бойынша грантын жеңіп алған. Бүгінде "Алтын" ​ цехында көпбалалы аналар жұмыс істейді, оларды орталықта өзі оқытады. 

Алтынгүл ісін бір бөлмелі пәтерде 14 000 теңгенің тігін машинасымен бастаған. Ал қазір 14 адамды жұмыспен қамтыған цехі бар табысты әйелге айналған.

"Мемлекеттің осындай қолдауына ризамын, бұл қалада жаңа өндірістер ашуға, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жұмыс орындарын құруға, олардың материалдық жағдайын жақсартуға, сайып келгенде, біздің көпбалалы аналарымыздың әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді, - дейді Алтынгүл Сейлханова.

Айтуынша, қазір цехта клиенттердің тапсырыстары комбинезондар, халаттар, бахилалар мен бас киімдер тігеді, тапсырыстар көбіне қалалық ауруханалар мен медициналық орталықтардан түседі. Сондай-ақ, арнайы киім мен ұлттық киімдер тапсырыс бойынша тігіледі. 

Сондай-ақ, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан аналар, мүмкіндігі шектеулі әйелдер үшін "Бақытты отбасы" орталығының базасында "Іскер ана" қолөнер орталығы ашылды, онда тігін және киіз ісі, люневиль тігісі, құрақ көрпе, тоқыма тоқу және ұлттық киім тігу бойынша курстар өткізіледі. Жыл басынан бері орталықта 817 адам білім алды. Ауданда тағы 236 көпбалалы ана грант алды, олардың 3-і инновациялық жобаларды қорғағанын айта кету керек.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 04 Қараша, 2020 15:41
Талқылау