"Көпбалалы анаға 15 миллион теңге аударған": Абай Бегейдің қызы заңсыз ұтыс ойындарын тоқтатпай жүр
Фото: Жеке парақшадан алынды
Әнші Абай Бегейдің қызы, блогер Гүлеркем Ниязқұлова заңсыз ұтыс ойындарын өткізіп жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
КТК арнасының мәліметінше, былтыр ол лотерея ұйымдастырғаны үшін салық органдарына 1 миллион теңгеден аса айыппұл төлеген көрінеді.
Жуырда ғана блогердің әлеуметтік желіде тағы бір ұтыс ойынын өткізіп, жеңімпазға 15 миллион теңге табыстағаны белгілі болды.
Бұл жолы жүлде Таразда тұратын көпбалалы анаға бұйырды. Қуанышын жасыра алмаған әйел видеода "ойын әділ өтті, сендер де қатысыңдар" деп, өзгелерді де қатысуға шақырған. Алайда әншінің қызы мемлекеттік органдардың бұған дейінгі ескертулеріне құлақ аспай, бұл жолы да заңды айналып өтпек болған. Ол аталған видеоны кейіннен желіден өшіріп үлгергенімен, желіде ұтыс ойындарына арналған жеке парақшасы әлі жүріп тұр. Бұл парақша арқылы пайдаланушылар 100 теңгеден 1000 теңгеге дейінгі аралықта билет сатып алып, ойында бақ сынай алады.
Айта кетейік, құзырлы органдар былтыр осылай мыңдаған адамды заңсыз лотереяға тартқан 101 адамды жауапқа тартқан. Бірақ оңай олжаға кенелгісі келетін әнші, әртіс, блогерлер әлі құлақ аспаған.
“Осындай ойындар өткізіліп жатқаны жөнінде нақты мәлімет ұсынылған жағдайда біз тиісті түрде ден қоямыз, шара қабылдаймыз, тиісті түрде әкімшілік жауапқа тартамыз. Қылмыстық кодекстің 445-бабының 7-бөлігімен жауапкершілікке тартамыз. Бұл бапта тәркілеу мәселесі қаралған. Жеке тұлға болған жағдайда 200 АЕК қарастырылған. Ал шағын кәсіпкерлік субъектісі болса, 750 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады” – дейді Туризм және спорт министрлігінің ойын бизнесі және лотереяны реттеу комитетінің бас сарапшысы Асылбек Мұстафаев.
Айта кетейік, Абай Бегей қызының ісіне араласпайтынын айтқан еді.

"Оқушылармен бір vibe-тамын": Желіде тренд түсірген мектеп директоры жұрттың ықыласына бөленді
