Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көп адамның алдында шешінгенсің бе?": Астанада дәрігердің іс-әрекеті жасөспірім қыздың анасының ашуына тиді

Фото: әлеуметтік желі

Әлеуметтік желіде Астана тұрғынының жазбасы үлкен талқыға түсті. Ол кәмелетке толмаған қызына қатысты жеке клиникада болған жағымсыз жағдай туралы айтты. Әйелдің айтуынша, рентгенолог өзін қызымен бірге кабинетке кіргізбей, қызбен оңаша қалып, оғаш сұрақтар қойған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Руфия Омарова суреттегі Астанадағы, Төле би көшесі 44/1 мекенжайында орналасқан "Аян" клиникасының рентгенолог-дәрігері екенін айтады.

"Дәрігер мені кәмелетке толмаған қызыммен бірге кабинетке кіргізбей қойды. Бірақ қызыммен оңаша қалып, оған "Көп адамның алдында шешінгенсің бе?" деген сұрақ қойған. Қызымның омырауын қолымен жаппауын, ұялмауын сұрапты. Өйткені өзі дәрігер екенін айтқан. Белгісіз себеппен оның телефон нөмірін де сұрап алыпты. Қызым бұл керек шығар деп ойлап, нөмірін айтып берген. Бұл жағдайды білген соң дәрігердің аты-жөнін сұрадым, бірақ не өзі, не әріптестері есімін айтпады. Біз полицияға арыз жазатынымызды айтқаннан кейін клиника иесі келді...", – деді қыздың анасы.

Әйелдің айтуынша, дәрігердің аты-жөнін шамалап қана естіп білген. Сонымен қатар, ол "E-Өтініш" порталы арқылы шағым түсіріп, бұл істі соңына дейін жеткізетінін айтты.

"Клиниканың иесі бірден ештеңеге қарамай, бәрі сіздерге солай көрінген шығар, қызыңыз ойдан шығарған болар деп, бізді иландыруға тырысты. Бұл клиникада маманның біліктілігі мен харассмент фактісінің болуын анықтайтын боламыз. Құрметті ата-аналар, қыздарыңызды азғындардан қорғаңыздар", – деп түйіндеді әйел.

Бұл жағдайға байланысты денсаулық сақтау министрлігінен ресми пікір сұрадық.

"Бұл оқиға бойынша тиісті органдар тексеріс жүргізіп жатыр, өтінішті қарау нәтижесінде жағдайдың мән-жайы анықталады", – деп жауап берді министрлік.

Ал клиника желідегі парақшасында бейнежазба жарияланып, рентгенография процесі қалай өтетіні түсіндірілді.

"Барлығын түсіндіргім келеді. Біздің рентген-лаборант осында отырады, ал қарсы алдында – пациент. Алдымен тіркеу өтеді. Пациент аты-жөнін, ЖСН мен телефон нөмірін атайды. Бұл журнал бізде бұрыннан бар, бәрі солай тіркеледі. Кейін пациент құрылғыға өтеді, киімін шешеді. Сурет дұрыс шығуы үшін қалай тұру керегі түсіндіріледі", – делінген бейнематериалда.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 24 Маусым, 2025 20:04
Талқылау