Конституциялық сотқа ерлі-зайыптының бір-бірінен банк шоттары туралы ақпаратты шектегені үшін арыз түскен

Конституциялық Сот алдын ала зерделеу нәтижелері бойынша "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Заңның 50-бабы 4-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішті конституциялық іс жүргізуге қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дауланып отырған нормаға сәйкес, банк құпиясы клиентке ғана, шот (мүлік) иесінің жазбаша нысанда берген келісімінің негізінде не шот иесінің сәйкестендіру құралы арқылы кез келген үшінші тұлғаға ашылуы мүмкін.
Өтініш беруші ажырасқаннан кейін ортақ мүлікті бөлу туралы талап-арызды дайындау кезінде неке кезеңінде бұрынғы жұбайының қаржылық жинақтары туралы ақпарат ала алмаған. Оның айтуынша, қолданыстағы норма ерлі-зайыптының біреуін бірлескен жинақтар туралы ақпаратқа қол жеткізуден айырады және ерлі-зайыптының ортақ меншігіндегі үлеске құқықты іске асыруға кедергі келтіреді.
Конституцияға сәйкестігін тексерудің барысы мен қорытындылары туралы ақпарат Конституциялық Соттың ресми сайтында және Telegram-арнасында жарияланады.
"Мәйітін алып келуге 2 апта кетеді": Вьетнамға қызымен демалуға барған қазақстандық әйел көз жұмды