Қазақстанда Конституцияны тұтастай өзгерту ұсынылды

Конституциялық комиссияның отырысында Ммжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева Қазақстанда Конституцияға жекелеген түзетулер енгізу жеткіліксіз, негізгі заңның толықтай жаңа редакциясы қажет екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дания Еспаеваның айтуынша, қазіргі кезеңде тұрған міндет Конституцияның жекелеген баптарын өзгерту немесе толықтыру шеңберінен әлдеқайда ауқымды.
"Бүгін біз Конституцияның 1995 жылғы мәтінін заманауи талаптарға жай ғана бейімдеу туралы емес, мемлекеттің бүкіл құрылымдық архитектурасын терең қайта қарау қажеттігіне келіп отырмыз. Билік тармақтарының өзара іс-қимылы, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері, мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастар жүйесін түбегейлі жаңарту деген сөз", – деді Дания Еспаева.
Оның айтуынша, мұндай ауқымды әрі кешенді өзгерістер Конституцияға жекелеген, үзік-үзік түзетулер енгізумен шектелмейді, керісінше, жаңа мәтін қабылдауды талап етеді.
"Бұл ұстаным "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының заңындағы талаптардан да туындайды. Аталған заңға сәйкес, егер нормативтік-құқықтық актінің жартысынан астам бөлігіне өзгеріс енгізілсе, онда ол құжат жаңа редакцияда қабылдануға тиіс", – деп атап өтті Дания Еспаева.
Осылайша, Конституциялық комиссия отырысында елдің негізгі заңын толықтай жаңарту мәселесі ресми деңгейде көтерілді.
- Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов референдум атауын өзгертуді ұсынды
- Елде президент мерзімінен бұрын қызметінен кетсе, оның өкілеттігі вице-президентке берілмек
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Конституциясы толықтай қайта жазылып, 84% өзгеріс енгізілетінін жазған едік. Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық реформа комиссиясының мүшелеріне Ата заңға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасын таныстырды. Жиынтық жоба білікті заңгерлер мен лингвистерден құралған жұмыс топтарында қатар пысықталып жатыр. Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, мамандар Конституцияның нормаларын дұрыс жазу, мағыналық сәйкессіздіктер мен қарама-қайшылықтарды, сондай-ақ түсініксіздіктерді болдырмау бойынша үлкен жұмыс атқарды.
"Азық-түлік бағасы екі есе төмен, вирус жоқ": Қазақстандық жігіт отбасын алып табысы төмен Африка аралына көшіп кеткен