Конституция жобасында президенттікке кандидаттарға қойылатын талаптар белгілі болды

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов "Президент" бөліміндегі жаңартылған ережелерді таныстырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Конституция жобасының "Президент" бөлімі тұжырымдамалық тұрғыда қайта қаралған және мүлде жаңа нормалар енгізілген.
"Президент" бөліміне ел президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының үйлесімді әрі кедергісіз жұмыс істеуін, билік органдарының Қазақстан Республикасының біртұтас халқының алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді, деген норма қарастырылды. Республика президентіне үміткерлерге талаптар нақтыланды. Ең жоғары лауазымды тұлға болып тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын, жоғары білімді және мемлекеттік қызметте, сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде бес жыл тәжірибесі бар Қазақстан азаматы сайлана алады”, – деді Бақыт Нұрмұханов.
Оғани қоса, жекеленген нормалар президентті сайлау науқанын өткізу және ант беру мерзімдерін бекітеді.
“Республика президентін мерзімінен бұрын лауазымынан босату негіздері мен тәртібін реттейтін конституциялық ережелер толықтырылды. Мемлекет басшысының өз еркімен орнынан түсуге құқығы нақты жазылып отыр. Ондай рәсімдер Конституциялық Сот арқылы жүретін болады”, – деді Нұрмұханов.
Ары қарай президент өкілеттіктерінің белгіленген тәртіппен Конституцияда анықталған лауазымды тұлғаларға – вице-президентке, құрылтай төрағасына немесе премьер-министрге өту рәсімдері басталады.
“Оларды реттейтін нормалар да нақтыланды. Республика Президентінің өкілеттігін қабылдаудан бас тарту жөнінде шешім қабылдаған тұлға Конституциялық Сотқа тиісті өтініш береді. Конституциялық Сот осы тұлғаның өтінішті өзі және өз еркімен бергенін растайтын қорытынды береді. Республика Президенті лауазымынан мерзімінен бұрын босатылған, кетірілген немесе қайтыс болған күннен бастап жеті күн ішінде Құрылтай президент сайлауын өткізу туралы жариялайды. Ол сайлау екі ай ішінде өткізіледі, деген нормалар ұсынылып отыр”, – деді Конституциялық cот төрағасының орынбасары.
Еске салсақ, осыған дейін Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірінші отырысында Қазақстанда вице-президентке қандай өкілеттік берілетіні айқындалған еді.