Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Консерві, бәліш, тауық етін жедік": Ақтөбеде қарттар үйінің тұрғындары кешкі астан уланғандарын айтып көмек сұрады

Ақтөбеде қарттар мен мүгедектерге арналған әлеуметтік орталықта жатқандар консерві, бәліш пен тауық етін жегеннен кейін бірнеше адамның уланғанын хабарлады. Интернатта өткен аптадан бері басын көтере алмай жатқан қарттар бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Айтуларынша, бейсенбі күнгі кешкі астан кейін бірнеше адам өздерін жайсыз сезінген. 

“Біз үлкен қиындыққа тап болдық. Интернаттағылардың жартысы уланып қалды. Бейсенбі күні кешкі асқа консерві, бәліш және тауық етін жедік. Содан кейін ауырдық. Мен өзім екі күн бойы раковинаның алдында отырдым. Басында өзім ғана ауырдым деп ойладым. Кейін интернаттағылардың жартысы ауырып жатқанын естідім. Бізге көмектесіңіздер. Бұрын мұндай болған емес. Осында 20 жылдан аса тұрамын. Мұнда дәрі де жоқ. Біз ешкімге керек емес сияқтымыз, көмек керек”, – деді интернат тұрғыны.

Әлеуметтік орталық директоры “бәрі жақсы” деп сендірді. Дегенмен адамдардың ауырып қалғанын да жоққа шығармады.



“Алаңдайтын ештеңе жоқ. Улану болмады. Ротавирусты инфекция. Іштегі дәрігерлер қарады. Жағдай қалыпты, емдеп жатыр. Қорқатын ештеңе жоқ. Оншақты адам ауырып қалды. Іштері кепті. Бізде барлық жағдай тұрақты”, – деді №1 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Асылбек Мұханбетқали.

Орталық директорының айтуынша, интернаттағы жағдай санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабарланбаған.

Талқылау