"Көңілдесімен Дубайға барып келген": Мөлдір Мұқанова Тұрсынбек Қабатовпен ажырасып кеткенін растады
Фото: Видеодан скрин
Танымал әзілкеш, актер Тұрсынбек Қабатов пен Мөлдір Мұқанова ажырасып кеткен. Танымал продюсер Мөлдір Мұқанова журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында әзілкешпен қарым-қатынасы туралы бар шындықты ашып айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Janar Baisemiz” Уoutube каналына сілтеме жасап хабарлайды.
Өнер иесінің айтуынша, экс-күйеуінің 14 жыл бұрын көңілдесі пайда болған.
"Бұл әңгіменің басы маған әлеуметтік желі арқылы жетеді. Түнгі сағат 04:00. Ол күн көз алдымнан кетпейді. Мазам кетті, қайта-қайта ояна беремін. Ұлым Нұриман дүниеге келген уақыт, бала емізіп жүрген кезім. Бала ұйықтап жатыр, неге ояна беретінімді түсінбеймін. Мазам қатты кетіп жатыр. Баламды емізіп отырып телефонымды алып, қарасам "Сіз күйеуіңіздің жүрісі туралы естідіңіз бе? Қазір оның көңілдесі бар" деп жазған. Айдаладағы бір адам жазып жатыр, парақшасы жабық. "Оған біршама құнды сыйлық, пәтер, көлік алып берген. Қымбат тон, алмаз – бәрі қазір соның үстінде деген" пікір жазылды", – деді продюсер.
Актриса алғашында әлеуметтік желідегі пікірге сеніп қалмағанын жеткізді.
"Шаршап тұрмын, түрлі ойлар мазалап жатыр. Ол кезде Тұрсынбек гастрольде Алматыда болуы керек. Әлеуметтік желідегі пікірді өшірдім. "Бұл әңгіме өтірік болар" деп, Тұрсынбек келе салысымен бетіне бірден атылған жоқпын. "Бұл өтірік, жалған, Тұрсынбек мұндайға баруы мүмкін емес" деп өз өзімді 14 жыл бойы алдап жүріппін. Мен өзгені емес, өзімді ғана алдап келген екенмін. Ақпарат қайталанып келе берген соң, уақыт өте келе өзіне айттым. Бірден "Мен еркекпін" деп кеудесін қаққан жоқ, ол кішіпейілдік танытты. "Сен бұл әңгімені кімнен естідің?" деп сұрақ қойды. "Маған осындай пікір келіп жатыр, сөйлесейік" деп шақырғанда мойындамады. Кейін ақпараттар келіп қоймағаннан кейін "Қоямын, иә, өзімді кішкене еркіндікке жіберген болармын, қателік жасадым, қойдым, болды" деп жауап қайтарды. Мен сендім. Ол уақытта да, күні кешеге дейін де ажырасамын деп ойламадым. Ажырасуға талпынбадым, мұндай шешімге дайын болмадым. Сол кездегі жанымның ауырып, сыздағаны әлі күнге дейін кеткен жоқ. Тұрсынбекті жақсы көргендігім болар, қатты жақсы көрдім", – деді ол.
Мөлдір Мұқанова бүгінде Тұрсынбек Қабатовпен заңды түрде ажырасып кеткенін, басқа амалы қалмағанын айтты.
"Бір күні Тұрсынбектен "Сонымен не істейміз, ажырасыз ба?" деген хабарлама келді. Кейде ойлаймын, осындай бір үлкен сұраққа тап болған уақытта үндемей отырып алады, тығылып қалады десек те болады. Ол осы сәтті күтті ме екен деп ойлаймын. "Мөлдір бірінші әрекет етсін, заңды түрде ажырасуымызға бірінші қадам жасасын" деген ойда болған сияқты. Себебі мен Тұрсынбекті өзімнің бес саусағымдай білемін. Біреу сұрақ қойса, "Мен емес, Мөлдір өзі жазды, өзінің ниеті, тілегі осындай болды, мен оған енді не істеймін?" деп жауап қайтарады. Солай бірінші арыз жазуға тура келді. Себебі мен "Күйеуім бар адаммын ба, әлде жоқ па" дегеннің жауабын білмей кеттім. Үндемей құтылады. Үйде "Сөйлесейікші, аузыңнан бір сөз шығаршы, мен сенің досың болайын. Мені әйелің ретінде қарама, қандай да бір шаруаны дос ретінде шешіп келдік қой. "Бұл екеуіміздің ғана тағдырымызға емес, балаларымыздың тағдырына кесірін тигізеді ғой, мүмкін қазір дер кезінде түтініміздің түзу шығуына әрекет етіп көреміз, отбасымызды бұзбайықшы, сақтап қалайықшы" дедім. Ажырасуға арыз жазғаннан кейін де сөйлесуге еш әрекет жасамады", – деді ол.
"Жанды дауыста айтқым келеді": Мөлдір Мұқан фонограммамен ән айтатынын мойындады
"Интимдік массаж салонында ұсталған": Тұрсынбек Қабатов өзіне қатысты сыбыстарға жауап берді
Продюсердің сұхбатынан кейін желі қолданушылары Тұрсынбек Қабатовқа бойкот жариялауға шақырды.
"Құрметті, @khabartv , соңғы шыққан жаңалықтарға байланысты Тұрсынбек Қабатовты @qazaqstan.dauysy жобасынан алып тастауды сұраймыз!", "Болдырмаймыз!!! Есімізде сақтап, қарсылығымызды білдіреміз! @ticketonkz — енді сіздердің әрекеттеріңізді күтеміз. Афишаны алып тастамайынша, олардан ештеңе сатып алмаймыз!!!", "Тұрсынбекті түсіне алмадым. Жан-жарың сен келеді деп түнгі 02:00-де сүйікті тамағыңды дайындап отыр (бай болмай тұрып, жатақханада тұрған кезден-ақ). Сүп-сүйкімді 5 бала тауып беріп отыр. Өміріңнің жартысын сүріп тастап, өзін өзі бағалауы төмен 16 жастағы жасөспірімнің тірлігін істеп отыр ғой. Ал халық осы уақытқа дейін монологтарын сөзге тиек етіп, абыройын асқақтатып жүрді ғой негізі. Өзінің жан-жарына опасыздық жасаған адамнан бәрін күтуге болады. Қаншалықты төмен мораль десеңші", – деп жазды Тthreads қолданушылары.
Сондай-ақ Желі қолданушылары Тұрсынбек Қабатовтың Instagram желісіндегі парақшасында түрлі пікір қалдырып жатыр.
Айта кетейік, Тұрсынбек Қабатов қазақстандық сатира комигі, актер. Ол бірнеше фильмде басты рөлдерді сомдаған. "Әзіл Әлемі" әзіл-ысқақ театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Еске салайық, бұған дейін әнші әрі продюсер Мөлдір Мұқан Stan.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатында шығармашылық пен жеке өмірі туралы ашық айтты. Ол бұрын бар уақытын жұбайы, әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың карьерасына арнағанын, бірақ қазір өз дамуына көңіл бөліп жүргенін жеткізді. Әнші күйеуінің сын-пікірлері себебінен өнер жолында өзіне сенімсіз болғанын мойындады.
Соңғы уақытта Тұрсынбек туралы түрлі қауесеттер тарағанымен, Мөлдір жұбайын жамандамай, керісінше халықтан оны жек көрмеуді сұрады. Айтуынша, Қабатов жақсы адам және ешкімді ренжітпейді. Ал қараша айында жарық көретін “Шай в большом городе” атты жаңа фильмі арқылы көпшілікті қызықтырған сұрақтарға жауап бермек.
"Жастар практикасы" арқылы жұмыс таптым": Қазақстандық колледж түлегі кілем фабрикасында еңбек жолын қалай бастағанын айтып берді