“Көңіл күйі түсіп, аузының маңы қызарады”: Министрлік жасөспірімдер арасында тараған қауіпті әдетке байланысты ата-аналарға ескерту жасады
Фото: depositphotos.com
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова жасөспірімдер арасында тарап жатқан қауіпті әдетке байланысты қазақстандық ата-аналарға ескерту жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Комитет төрағасының айтуынша, жасөспірімдер арасында алаңдаушылық туғызатын, аса қауіпті теріс әрекет белең алған.
Жасөспірімдер "көңілді газ" деп аталатын улы зат пен жасөсірімдер өзара "карб" деп атайтын карбюратор тазартқыш сұйықтықты иіскеп, аз уақыт есеңгіреп, көңіл көтеруді әдетке айналдырған.
"Мамандар мұндай заттардың ағзаға тигізер зияны зор екенін айтып, дабыл қағуда. Ол – оттегінің жетіспеуіне, есінен тануға, тырысу мен дем алудың қиындауына, жүйке жүйесінің зақымдануына дейін алып баратын у. Тіпті бір-ақ мәрте иіскеп көргеннің өзі – улануға да, психологиялық тәуелділікке де себеп бола алады”, – дейді Насымжан Оспанова.
Министрлік өкілінің пікірінше, көп жағдайда мұндай қадамға жасөспірімдер өзінің әлеуметтік ортасында мойындалып, қабылдану үшін барады екен.
“Сол себепті, құрметті қауым сіздерді аса сақ болуға шақырамын. Балаларымыздың мінез-құлқына, жүріс-тұрысына, күнделікті әрекеттеріне назар аударайық. Егер кенеттен көңіл күйі құбылып, киімінен бөгде иіс шықса, сөмкесінен белгісіз баллондар не бөтелкелер табылса, әлсіздік пен ауыз маңындағы қызару байқалса – бұл жай ғана шаршау немесе мазасыздық емес. Бұл – дабыл, бұл – ескерту", – деді Насымжан Оспанова.
Комитет төрағасы ата-аналарға алғашқы күмән туындаған сәттен бастап мектеп мұғаліміне, психологқа немесе психологиялық қолдау орталығына жүгінуге кеңес береді.
"Балаға ұрысып, жазғыру емес, керісінше жанашырлықпен қарап, дұрыс жолды нұсқау біздің борышымыз. Егер жағдай ушыға бастаса, тәулік бойы жұмыс істейтін "111" сенім телефонына бірден қоңырау шалыңыз. Кешігуге болмайды", – делінген жазбада.
Еске салсақ, бұған дейін дәрігер ата-аналарды балаларын өз бетінше емдемеуге, дене қызуын түсіретін дәрілерді мұқият қолдануға шақырған еді.
Қазақстанда тұрғын үйлердің сапасын кім тексереді және өз үйінің қауіпсіз емес екенін білгендер қайда жүгіне алады