Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қонақ шақырудан әлем чемпионаты болса, маңғыстаулық жеңгелер бас жүлдені бермейді – Облыс әкімі халықтың қонақжайлығы туралы

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай аймақта ереуілдердің көп болатыны жайлы сұраққа жауап беріп, тұрғындарды қонақжай деп бағалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Stan.kz

Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау халқына қатысты сұрақ қойылғанда, мұны "қанталап тұрған жерге біз сұғып алғандай" қабылдайтынын жеткізді. 

"Маңғыстаудың барша халқы "қиын" деп айтатындармен келіспеймін. Маңғыстаудың халқы қазақтың қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрін сақтап отырған, қонақжай, қонақ келсе ішкен асын жерге қояды. Меніңше, қонақ шақырудан әлем чемпионаты болса, Маңғыстаудағы жеңгелеріміз бас жүлдені ешкімге бермейді", – дейді ол. 

Брифинг барысында аймақ басшысы ереуілге шығатын жұмысшыларға қарап, аймақтың барша халқына баға бермеуді сұрады. 

"Бұрынғы жылдармен салыстырғанда, биыл жағдай едәуір басқа. Сіздердің айтып отырғандарыңыз, соңғы Жаңаөзендегі ереуіл шығар. "ӨзенМұнайГаз" мекемесінде 10,5 мың адам қызмет етеді. Тағы 15 мыңға жуық адам мердігер компанияларда жұмыс істейді. Қазір жұмыс беруші мен жұмысшылар арасында мәміле бар. Барлығы жұмыстарына шықты. Мәселені жоққа шығармаймын. Мен үшін Маңғыстауда жұмыс істеу – бақыт. Бұйыртса бәрі жақсы болады деп сенемін", – дейді ол. 

Назархан Уән
Жұма, 20 Желтоқсан, 2024 11:15