Қонаев қаласындағы 5 казино жыл басынан бері 90 миллиард теңгеге жуық салық төлеген
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласында 5 казино, 6 ойын залы мен бірнеше букмекер жұмыс істейтінін айтты. Сөзінше, жыл басынан бері олар 90 миллиард теңгеге жуық салық төлеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Облыс әкімі казинолардың заңды жұмыс істейтінін атап өтті.
“Казинолар 3,5 мың жұмыс орнын ашты. Ойын саласындағы өзге мекемелер де 3,5 мың жұмыс орнын ашқан. Сондықтан мұнда азаматтардың басым бөлігі табыс тауып отыр. Оның үстіне су қоймасының жағалауында орналасуы туристер үшін тартымды болып отыр”, – дейді ол.
Марат Сұлтанғазиев қаладағы 5 казиноның лицензияланғанын айтады.
“Қонаев пен Щучинск қалаларында ғана ойын бизнесін жүргізуге болады. Сондықтан бізде жұмыс істейтіндердің бәрі тіркелген. Ал казинолар шетелдік туристерге басымдық береді. Алматы қаласына жақын орналасқандықтан және туристік дестинацияда болғандықтан казиноларға адамдар келеді”, – деп қосты Сұлтанғазиев.
Еске салайық, бұған дейін Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласында 40 миллиард теңгеге аквапарк салынатынын айтқан еді.

"Алдағы 10 жылда мұнай қоры таусылады": Сарапшылар "қара алтынсыз" Қазақстанның болашағы қандай боларын болжады
