Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Конституциялық комиссия құрамы ерекше және онда шетелдік сарапшылар жоқ – Тоқаев

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия құрамының бірегей екенін және оның құрамында шетелдік сарапшылар жоқ екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысының сөзінше, Конституцияға қатысты жан-жақты пікір алмасу жарты жылдан бері жүріп жатыр. 

“Жалпы, былтыр қазан айынан бастап азаматтарға өз пікірін білдіруге толық мүмкіндік берілді. Сол уақыттан бері eGov және eOtinish мемлекеттік цифрлық платформалары арқылы бірнеше мың ұсыныс келіп түсті. Комиссия өтініштің бәрін мұқият қарап, қорытып, тиісті түзетулерді әзірледі. Конституциялық комиссияның жұмысы барынша ашық жүргізілді”, – деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, комиссия құрамына қоғамның әртүрлі салаларынан 130 өкіл кірген. Қазақстан азаматтарының пікірін жинау үшін eGov және eOtinish мемлекеттік онлайн-платформалары пайдаланылған. Бұл платформалар арқылы мыңдаған ұсыныс келіп түскен.

Комиссия мүшелері барлық өтініштерді мұқият зерделеп, негізгі құжатқа тиісті түзетулер енгізген.

"Комиссияның он отырысы өткен. Осылайша, қажетті өзгерістер көлемінің ауқымды болуына байланысты жаңа Конституция қабылдау жөнінде ұсыныс берілген. Конституция жобасының алғашқы нұсқасы осы жылдың қаңтар айында жарияланып, қоғамда кеңінен талқыланған", – делінген Ақорда хабарламасында.

Қасым-Жомарт Тоқаев биліктің плюрализм қағидатына және азаматтардың әртүрлі көзқарастарына ашық болуына ерекше мән берді. Ол бұл үдерістің елдің негізгі заңын жаңартудағы демократиялық сипатын көрсететінін атап өтті.

Президенттің сөзінге, еліміздегі реформалар бұрын-соңды ешқашан дәл осылай жан-жақты талқыланған емес. Оның үстіне, тікелей эфир арқылы жұртшылықтың назарына ұсынылмаған дейді Тоқаев. 

“Біз “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” ретінде цифрлық платформаларды кеңінен қолдандық. Конституциялық реформаға байланысты азаматтармен байланыс желілері тиімді жұмыс істеді. Соның арқасында шын мәнінде жалпыұлттық ауқымдағы талқылау болды десек, дұрыс болар. Бұл Әділетті Қазақстан құрылысының айқын көрінісі”, – деді Тоқаев. 

Сондай-ақ мемлекет басшысы осыған дейін Конституциялық комиссияның он отырысы өткенін айтты.

“Комиссия мүшелері түзетулердің аса көптігін ескеріп, ортақ пайымға келді. “Ата Заңға жекелеген өзгеріс енгізу жеткіліксіз, қазіргі жағдайда жаңа Конституция қабылдаған жөн” деген байлам жасады. Соған сәйкес қаңтар айында жаңа Конституцияның алғашқы нұсқасы жарияланды. Бұл бастама қоғамның айрықша назарын аударды. Мен мұны өте жақсы үрдіс деп санаймын”, – деді президент. 

Президент ел азаматтары  Конституция жобасының түрлі баптарын қызу талқылап жатқанын айтты. 

“Азаматтарымыз Конституция жобасының түрлі баптарын қызу талқылап жатыр. Қоғамның саяси мәдениеті және белсенділігі артып келеді. Бұл – менің саяси бағдарымда көрсетілген негізгі міндеттердің бірі. Еліміз үшін “Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт” және “плюрализмге – ашықпыз, экстремизмнен – қашықпыз” қағидаттары өте маңызды. Сол арқылы қоғамдық диалогтің дамуына, еліміздің үздіксіз алға басуына жол ашылады”, – деді Тоқаев. 

Тоқаевтың пікірінше, жаңа құжаттың ұсынылуы мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түскенін, яғни сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан  суперпрезиденттік билік формасынан түбегейлі бас тартқан. 

“Жаңа Конституция жобасына енген нормалар Қазақстанның саяси жүйесінің даму қисыны мен бірізділігін бекітеді. Ол, ең алдымен, “Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет” тұжырымдамасына негізделеді. Соңғы жылдардағы саяси реформаларға кеңінен қарасақ, Қазақстан суперпрезиденттік билік формасынан түбегейлі бас тартып, беделді әрі ықпалды Парламенті бар президенттік республика үлгісіне көшкеніне көз жеткізуге болады. Ұсынылып отырған өзгерістер – осы үдерістің заңды жалғасы”, - деді Тоқаев. 

Президенттің сөзінше, жаңа Конституция ұсыны мемлекетті басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыру деген сөз. 

“Соңғы жылдардағы саяси жаңғыртулар, соның ішінде 2022 жылғы конституциялық реформа мемлекетіміздің конституциялық негізін толық қайта құру қажет екенін көрсетеді. Шын мәнінде, бұл – мемлекетті басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыру деген сөз. Ұсынылған түзетулер билік құзыреттерін қайта бөлуге, тежемелік және тепе-теңдік жүйесіндегі теңгерімді күшейтуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, барлық саяси институттардың тиімділігі мен орнықтылығын жақсартуға жағдай жасайды”, – деді Тоқаев. 

Президенттің сөзінше, Жаңа Конституция жобасында “адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үші” қағидаты айқындала түскен. Біз 2019 жылдан бері дәйекті түрде осы жолмен жүріп келеміз,   дейді Тоқаев. 
 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 10 Ақпан, 2026 11:36