Жас ұлғайған сайын организмде коллаген аз бөлінеді, ал бар коллаген аздап жылдам бұзыла бастайды. Темекі шегу және күннің зиянды әсері мұны одан сайын ушықтырады.
Зерттеу авторларының Aesthetic Surgery Journal Open Forum журналында жарияланған мақаласында әйелдердің етеккірі тоқтағанда тері одан да көп коллаген жоғалтатынын айтқан. Атап айтқанда, шамамен үштен бір бөлігін жоғалтады.
Коллаген қоспалары әртүрлі болады: теңіздік, сиырдан алынған және вегандық. Дегенмен, зерттеу авторлары олардың қайсысы ең тиімді екенін анықтай алмады. Anglia Ruskin University университетінің ғылыми қызметкерлері көптеген зерттеулерді коллаген қоспалары өндірісінің өзі қаржыландырғанын және коллагеннің қартаюға қарсы қасиеттері туралы өте “батыл мәлімдемелер” жасалғанын атап өтті. Ал олардың өздерінің шолу зерттеуі сала өкілдерінен қаржыландыру алған жоқ.
Зерттеушілердің айтуынша, коллаген – әжімге қарсы құрал ретінде емес. Оны қартаюға бейім және күннің әсерінен зақымданған теріге кешенді күтім ретінде қолданған дұрыс.
Британдық тамақтану қорының диетолог-ғалымы Бриджит Бенелам атап өткендей, терінің саулығы адамның тамақтануына тікелей байланысты.
“С витамині коллаген өндірісін қолдайды, сондықтан цитрус жемістері, жидектер, жасыл көкөністер, бұрыш және қызанақ сияқты өнімдерді тұтыну пайдалы болуы мүмкін. Сондай-ақ етте, құс етінде, ірімшікте, кейбір моллюскілерде, жаңғақтарда, тұқымдарда және тұтас дәнді дақылдарда болатын мырыш та организмге коллаген шығаруға көмектеседі”, — дейді ол.
