Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қолы артқа қайырып байланып, аузында қолғап болған": Жаркенттегі капитанның өлімі үшін кімдер жазаланды

Жаркенттегі капитанның өлімі үшін кімдер жазаландыФото: Марқұмның жеке мұрағатынан

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот Жаркентте 27 жастағы капитан Дархан Даулеттің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Марқұмның төрт әріптесі, соның ішінде батальон командирі сот алдында жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қайғылы оқиға 2024 жылғы 14 қарашаға қараған түні болды. Сол түні Жаркент қаласындағы Республикалық мемлекеттік мекеме “74261 әскери бөлімі" инженерлік қызметінің 27 жастағы бастығы Дархан Даулет тәуліктік кезекшілікке түсіп, түнгі сағат бір шамасында өлі табылды.

Оқиғадан кейін Қазақстан Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі “диверсияға қарсы қауіпсіздік бойынша жоспардан тыс сабақтар өткізу барысында қауіпсіздік талаптарының бұзылуы салдарынан әскери қызметші ауыр жарақаттар алған” деп мәлімдеме жасады. Әскери қызметкердің өлімінен кейін қылмыстық іс қозғалды.

Алайда қаза тапқан офицердің туыстарының сөзінше, әріптестері Дарханды тапқан кезде оның қолы мен аяғы артқа қарай байлаулы болған, аузын қолғаппен бітеген. Сондай-ақ жігіттің басынан тесік жарақат анықталып, денесінде көптеген гематомалар табылған.

Марқұмның ағасының айтуынша, таңғы сағат 07:00-де Жаркенттегі әскери бөлімнен офицерлер келіп, ата-анасына оның зорлықпен өлгенін, кісі өлтіру дерегі тіркелгенін және Дарханды өз әріптестері өлтіргенін хабарлаған.

“Дарханның өзі әлімжеттікке шағымданбаған, алайда қаза болар алдындағы соңғы бір аптада ол психологиялық жағдайы нашарлап, қатты күйзелісте жүрді”, – дейді Дарханның ағасы оның бұл жағдайын туыстары да байқағанын атап өтіп.

Бұл жағдай резонанс тудырған соң  Қорғаныс министрлігі әскери қызметкердің қазасынан кейін төрт күдікті ұсталғанын хабарлады. Олардың қатарында бір офицер мен мерзімді қызметтегі үш әскери қызметкер бар. Әскери бөлімнің командирі қызметінен шеттетіліп, бірқатар лауазымды тұлғалар басқа гарнизондарға ауыстырылды.



Сол кезде Қорғаныс министрлігі жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысындағы үлкен олқылықтар үшін Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Асан Жүсіповты қызметінен босату жөнінде өтініш енгізді.

“Тергеу аясында сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы екі қылмыстық іс қозғады. Атап айтқанда, мерзімді қызметтегі әскери қызметкерлерге қатысты  қылмыстық кодексінің 439-бабының 3-бөлігі (Бастыққа қатысты ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану, оның өліміне әкеп соққан) бойынша және батальон командиріне қатысты қылмыстық кодексінің 451-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан билікті асыра пайдалану) бойынша іс қозғалды”, – деп мәлімдеді Бас әскери прокуратура.

Дархан Даулеттің қазасы бойынша әскери сот процесі 2025 жылдың жазында аяқталғанымен, оның әріптестеріне қандай жаза тағайындалғаны ендң белгілі болды.

Сот отырыстары кезінде 2024 жылғы 14 қараша күні шамамен сағат 00:30-да үш әскери қызметкер батальон командирінің “диверсиялық әрекеттерді имитациялау туралы” әдейі заңсыз бұйрығын орындап, капитан Дархан Даулетті ұстап алып, қол-аяғын байлап, аузына қолғап тығып, әскери бөлімнің спорт қалашығында қалдырғаны анықталды. Салдарынан жәбірленуші механикалық асфиксиядан абайсызда көз жұмған.

Іс мән-жайын зерделей келе, сот батальон командирін екі бап бойынша кінәлі деп таныды.

“Қылмыстық кодекстің 439-бабының 3-бөлігі (Бастыққа қатысты күш қолдану әрекеттері) және 451-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан билікті асыра пайдалану) бойынша батальон командирі кінәлі деп танылды. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Сондай-ақ ол 10 жыл мерзімге Қарулы күштері мен әскери құрылымдарында басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Бұдан бөлек, сотталушы майор әскери атағынан да айырылды”, – деп мәлімдеді сот.

Дарханның екі әріптесі, яғни мерзімді әскери қызметкерлер қылмыстық кодекстің 439-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 12 жылға сотталды. Олар жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде жазасын өтейді.

Төртінші сотталушы да мерзімді әскери қызметкер, 10 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтейді.

Сотталғандар бірінші сатыдағы соттың үкімін апелляциялық тәртіппен шағымданды. Алайда 2025 жылғы 25 қыркүйекте қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен үкім өзгеріссіз қалдырылды.

Еске салсақ, бұған дейін Жаркенттегі әскери бөлімшеден капитанның мәйіті табылғаны туралы жазған едік. Мұрқұмның туыстары оны үш сарбаз майордың тапсырмасымен соққыға жығып өлтіргенін алға тартты. Қорғаныс министрлігі мұндай нұсқаны жоққа шығарды. Кейін сол іске қатысты 4 адамның қамауға алынғаны айтылды. 

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 14 Қаңтар, 2026 08:41