Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қолымнан айырылып қалу алдында тұрмын": МӘМС арқылы уақытылы көмек ала алмаған қазақстандық ота кезегінің ұзаққа созылғанына наразы

Фото: Малик Жұмағалиевтің жеке архивінен

Батысқазақстандық Малик Жұмағалиев әлем халқының небәрі 3-4 пайызында ғана кездесетін сирек жүрек дертімен ауырады. Дерт салдарынан қазір оның оң қолы күн сайын жансызданып, ұйып қалатын жағдайға жеткен. Ал квота бойынша жасалуға тиіс операция 2027 жылға белгіленген. Ер адам МӘМС-ке тұрақты төлем жасаса да, дер кезінде ем ала алмай отырғанына ашулы. Маликтің сөзінше, уақыт созған сайын жағдайы асқынып, дер кезінде ота жасалмаса бір қолынан айырылып қалу қаупі бар. Алайда дәрігерлер оған нақты көмек ұсынудың орнына, "кезекте тұрсыз, күтіңіз" деген жауаппен ғана шығарып салған. Осы жағдайға байланысты Stan.kz операция жасайтын мекемеге хабарласып, ресми жауап алуға тырыстық.

“Дұрыс емдемесе, МӘМС-ке не үшін төлеп жатырмын”

Былтыр 25 қарашада Малик Жұмағалиев Астанадағы академик Н.Д.Батпенов атындағы Травматология және ортопедия ұлттық ғылыми орталығында дәрігер қабылдауында болған. Сол жерде мамандар оған "оң жақ иық буынындағы импиджмент-синдром" деген диагноз қойған. Яғни иықтағы сіңір мен сүйек бір-біріне үйкеліп, ауырсыну туғызатын жағдай.

Дәрігерлердің айтуынша, Маликке мәселені жеңіл-желпі еммен емес, операция арқылы шешу керек. Ер адам 1,5 ай бұрын квота арқылы операцияға кезекке тұрған. Алайда госпитализация күні тым ұзақ мерзімге, яғни 2027 жылдың 3 наурызына белгіленген. Ал қазір оның қолы күн сайын жансызданып, ұйып қалатын жағдайға жеткен. Ер адам мұны уақытында ем жасалмағанының салдары деп есептеп, МӘМС жүйесіне қатысты өз наразылығын ашық білдіріп отыр. 

"Менде сирек диагноз бар. Жүрек артерияларым басқалардікіндей емес, орналасуы өзгеше. Ал бұл уақыт өте келе басқа мәселелерге де әсерін тигізіп жатыр. Өткен жылы сәуір ме, мамыр ма нақты есімде жоқ. 49 жаста болдым. Қауіпке барғым келмеді. Бірақ соған қарамастан, иығым бір күні қатты ауыра бастады. Алғашында жай бұлшықетім ауырған шығар, шаршаған шығармын дедім. Бір-екі ай емес, тіпті екі-үш ай бойы солай жүрдім", – дейді Малик.

Алғашқыда ол ауруды уақытша жағдай деп қабылдап, емхана арқылы массажға барған. Бірақ ауырсыну біртіндеп күшейіп, күнделікті өмірін қиындататын болған.

"Бір қызығы, ауыр нәрсе көтермесем де, бәрібір ауыра берді. Кейде қолымды жоғары көтерудің өзі қиын болды. Ақырында мүлде көтере алмайтын жағдайға жеттім. Сол кезде бұл жай ғана бұлшықет емес екенін түсіндім. Қозғалсам да, қозғалмасам да ауырады. Шыдай алмайтын деңгейге жетті", – дейді ол.

Фото: Малик Жұмағалиевтің жеке архивінен

Осыдан кейін ол қайтадан дәрігерге қаралып, МРТ-ға жолдама алған. Нәтижесі бойынша оған "иық буынының импиджмент синдромы" немесе "тендинит" болуы мүмкін екені айтылған. Малик бұл диагнозды толық медициналық тілде түсіндіріп беретін маман болмағанымен, өз бетімен зерттеп, жағдайдың неден екенін шамалаған.

"МРТ-ға жібергеннен кейін таныстарымның бірі “иық буынының импиджмент синдромы” болуы мүмкін деді. Кейде оны тендинит деп те атайды екен. Сол кезде сіңір қабынып, кейде жартылай жыртылып, бұлшықет те ішінара зақымданады дейді. Дәрігер емеспін, бірақ өзімше түсініп алдым. Сіңір ротаторлық манжетамен үйкеліп, сүйекке тиіп тұрады. Сол үйкелістен қатты ауырады. Сондықтан қозғалысты барынша азайту керек болды. Бәрін дұрыс істеп, қолды көп қимылдатпауға тырыстым", – дейді ер адам.

Оның айтуынша, бұл жағдай былтыр күз бойы жалғасып, соңында жергілікті ауруханадан "Батыс Қазақстан облысында мұндай операция жасалмайды" деген жауап алған.

"Былтыр күз бойы осы ауырсынумен жүрдім. Дәрігерлер, жалпы, Батыс өңірінде бұл операция түрі жоқ деді. Сол кезде аң-таң болдым. Яғни диагноз бар, проблема бар, бірақ көмек көрсететін мүмкіндік жоқ сияқты көрінді. Мені қайда жібереді, не істеймін оны да нақты айтпайды", – дейді ол.

Кейін ол операция Астанадағы Бәтпенов атындағы Ұлттық ғылыми орталықта жасалатынын білген. Осы себепті Малик ақылы онлайн қабылдауға жазылып, МРТ қорытындысын жіберген. Онлайн консультацияда бөлім меңгерушісі оның жағдайын қарап, иықтағы сіңірдің жыртылғанын нақты растаған.

"Орталыққа МРТ қорытындысын жүктеп жібердім, жарты сағаттай кеңес өтті. Маған бәрін егжей-тегжейлі түсіндірді, сұрағым да қалмады. Бөлім меңгерушісі өзі қарап, нақты айтты. Сіңір жыртылған, үзіліп кеткен, сондықтан операция керек деді. Операция күрделі емес, жалпы наркозбен жасалатынын айтты. Кейін екі айдай уақыт оңалтудан өтемін, сосын біртіндеп қалпыма келіп, қайта жаттығуға көшуім мүмкін екенін жеткізді", – дейді Малик.

“Қолымнан айырылып қалу қаупі тұр”

Оның сөзінше, ол операцияға дайын екенін айтқан. Алайда жергілікті емхана "портал арқылы жолдама береміз" дегенімен, процесс ұзаққа созылған.

"Емхана “портал арқылы жібереміз, бізде мұндай операция жасалмайды” деді. Күттім. Онлайн кеңестен кейін бүгінге дейін екі ай өтті. Бір күні хабарлама келді. Басында қатты қуандым. “Міне, болады екен” дедім. Хабарламада 3 наурыз деп тұр. Бірақ жылына қарасам 2027 жыл екен. Сол кезде шынымды айтсам, төбемнен жай түскендей болды", – дейді ол.

Маликтің айтуынша, дәл қаңтар айынан бастап қолының ұю белгілері күшейген. Ол түнде қай қалыпта жатса да оянып кететінін, қайта ұйықтай алмай қалатынын айтады. Операция кезегінің тым ұзаққа созылуы оның психологиялық жағдайына да әсер ете бастаған. 

"Сонда мен тағы бір жылдан артық күтуім керек болып тұр. Не істерімді білмеймін… Бұрын ондай қатты өзгеріс болмайтын шығар деп ойлағанмын. Бірақ осы айда менде күйгелектене бастадым. Бұлай жалғаса берсе, қолымнан айырылып қалу қаупі тұр. Қолымның ұюы күннен-күнге күшейіп бара жатыр. Ұйықтай алмаймын. Қазір ұйықтататын дәрілер ішіп жүрмін. Негізі заңгермін, қазір жұмыс істеп жүрген консулмын. Бірақ қазіргі жағдайымда, тіпті, қалыпты түрде пернетақтадан тере де алмаймын. Себебі ауыратын оң қолым. Қазір оң қолымның қозғалысы қатты шектеліп қалды. Тінтуірді сол қолмен ұстап үйреніп жүрмін, бірақ оны да толық меңгеріп кете алмай жатырмын", – дейді Малик Жұмағалиев.

Фото: Малик Жұмағалиевтің жеке архивінен

Ол дер кезінде ота жасалмаса жағдай ушығып, ауыр салдарға соқтыруы мүмкін екенін жасырмайды.

"Ең қиыны түнде ұйықтап жатып оянып кетемін. Қай қалыпта жатсам да бәрібір. Бір қырымнан жатсам да, шалқамнан жатсам да оянамын. Ұйқы қашады. Бірден тұрып, отыруға мәжбүр боламын. Сосын қолымның саусақтарын, білектен шынтаққа дейін уқалап, қан айналымын қайта қалпына келтіруге тырысамын. Бұл күнделікті қайталанатын жағдайға айналды", – дейді ол.

Ол бұл мәселені емханаға бірнеше рет жеткізгенімен, нақты көмек болмай, тек "кезекте тұрсыз, күте беріңіз" деген жауап алғанын айтады. Ер адам қолының жансыздануы ертең қозғалысқа мүлде келмейтін жағдайға әкеліп соғуы мүмкін деп алаңдайды.

"Кешіріңіздер, дәрігер емеспін. Бірақ қолдың ұйып қалуы ертең саусақтарымды да қимылдата алмайтындай жағдайға жеткізуі мүмкін екенін түсінемін. Дәрігерлерге былтыр онда МӘМС-ке не үшін төледім деп сұрақ қойдым. Қазір мені ашуландыратыны да осы. Менен қыруар ақша ұстап алады. Жүрек ауруым бойынша өз қаражатыммен барып тексеріліп келдім. Енді мына операцияны да өз есебімнен жасатуға мәжбүр болсам, онда не үшін төлеп жүрмін? Не үшін?” деп айттым”, – дейді ер адам.

“Өз бетімізше кезекті жылжытуға мүмкіндігіміз жоқ”

Осы ретте Астанадағы Н.Д. Батпенов атындағы Травматология және ортопедия ұлттық ғылыми орталығы науқастарды операцияға қою және кезек жылжыту мәселесі тек электронды жүйе арқылы жүзеге асатынын мәлімдеді. Орталықтың баспасөз өкілі Аида Хамзинаның айтуынша, мекеме ақпараттық жүйесімен жұмыс істейді және орталыққа тек ағымдағы немесе келесі жылға жоспарланған операциялар бойынша кезек тізімі түседі.

"Қазір өз бетімізше кезекті жылжытуға мүмкіндігіміз жоқ, өйткені кезекте операция күтіп отырған науқастар өте көп. Науқастардың жағдайы диагнозына қарай қаралады. Науқас күте ала ма, әлде шұғыл ота қажет пе соған сәйкес бағаланады. Ота жасауды кейінге қалдыруға болмайтын жағдайлар болса, кезекті ертерек жылжыту мәселесі қарастырылады. Бұл үдерісті жүйенің өзі нақтылап береді. Дегенмен мұндай жағдайда науқас өз емханасына барып, медициналық ұйым арқылы орталық басшысының атына кезекті ауыстыру немесе қайта қарау жөнінде ресми хат жолдай алады. Біз ол хатты қабылдап, ННТЦРЗ-ға жолдаймыз. Тек осы тәртіп арқылы ғана мәселе қаралады", – деп жауап берді орталық өкілі.

Сонымен қатар орталы маманы жай ғана “ертерек жасай салу” мүмкін емес, себебі операция қымбат және барлық үдеріс қаржыландыру мен кезек тәртібіне байланысты деп түсіндірді.

Бұдан бөлек, редакция аталған жағдайға байланысты жергілікті ауруханаға және Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасына да хабарласып, пікір сұрап көрді. Алайда әзірге мардымды жауап ала алмадық.

Айым Атамбаева
Сенбі, 24 Қаңтар, 2026 14:35