Оралда қызды топтасып зорлағандарға қатысты үкім өзгертілді
Батыс Қазақстан облысында апелляциялық тәртіпте кәмелетке толмаған қызды зорлау, көлік ұрлау, тонау және бұзақылық жасағандарға қатысты бас бостандығынан айыру мерзімі өзгертілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Соттың дерегіне сенсек, А және Н алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен бұзақылық жасау (ҚК-нің 293-бабының 2-бөлігі 1) тармағы) бойынша сотталды.
"Қ автомобильді ұрлау мақсатынсыз айдап кету ҚК-нің 200-бабының 1-бөлігі), сондай-ақ көлік құралына заңсыз кiрумен бөтеннің мүлкін жасалған ұрлық (ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі 3) тармағы), А және М көлік құралына заңсыз кiрумен адамдар тобының алдын ала сөз байласуылары арқылы жасалған ұрлық (ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі 3) тармағы), барлық сотталушыларға – зорлау, яғни алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, жас балаға қатысты жыныстық қатынас жасау (ҚК-нің 120-бабының 4-бөлігі) бойынша айыпталды", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар А жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, жас балаға қатысты сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерді жасаған (ҚК-нің 121-бабының 4-бөлігі).
"11.05.2023 жылы А және Н сауда үйінде темекі тартып келе жатқан Н-ға ескерту жасаған В-ға дене жарақаттарын салған. 23.05.2023 жылы Қ "Лада" маркалы автокөлігін ұрлау мақсатынсыз заңсыз иеленіп, көлік иесіне 725 мың теңге мөлшерінде материалдық залал келтірген. 29.05.2023 жылы Қ Hyundai маркалы автокөлігіне заңсыз кiріп, ақша қаражатын ұрлап, көлік иесіне 1 миллион теңгеден асатын материалдық залал келтірген. 10.06.2023 жылы А және М Volkswagen, маркалы автокөлігіне заңсыз кіріп, ұялы телефонды ұрлап, оның иесіне 130 мың теңге материалдық шығын келген", – деді соттың баспасөз қызметі.
Ал 11.06.2023 жылы сотталушылар топ болып қыз зорлаған. А жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерді жасаған.
"Сотталушылардың кінәлары сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында берген жауаптарымен, жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарап-тексеру, беттестіру хаттамаларымен, бейнежазбалармен және сот сараптама қорытындыларымен өз дәлелін тапты. Прокурор тағылған айыпты толығымен қолдады және барлығына нақты бас бостандығын айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушілер сотталушыларға қатаң жаза тағайындауды сұрады", – деді соттағылар.
Сотта жәбірленушінің өкілі мен адвокаты, оның сотта берген жауаптарын негізге алып, оған қатысты зорлық-зомбылық болмағанын айтып, сотталушыларға қатысты ақтау үкімін шығаруды сұрады. Қорғау тарапы қылмыс құрамы болмауына байланысты сотталушыларға барлық қылмыстар бойынша ақтау үкімін шығаруды сұрады. Сотталушылар өздеріне тағылған айыпты мойындамады.
"Сотталушылар өздеріне тағылған айып бойынша, яғни ауыр емес, ауырлығы орташа, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін кінәлі деп танылды. Сот, сотталушылардың жасаған қылмыстарының сипаты мен қоғамға қауіп дәрежесін, ауырлататын мән-жәйлардың жоғын, М, А, Н және Қ-ның қылмыстарды жасаған кезде олардың кәмелетке толмауын ескерді. Сот сотталушы Р-ға 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, ҚК 58 бабы “Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жаза тағайындау” 3,5 бөлігі негізінде қылмыстардың жиынтығы бойынша М, А, Н-ға түпкілікті 7 жыл 6 ай жылға бас бостандығынан айыру жазасын, ал Қ-ға 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сәйкесінше тағайындады", – делінген сот отырысында.
М, А, Н, Қ-ға жаза тағайындау барысында, сот Қылмыстық кодекстің 81-бабы "Кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жаза түрлерi" 7 бөлігіне сәйкес бас бостандығынан айыру жазасы 10 жылдан аспайтын мерзімге тағайындалатынын ескерді.
Батыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 18 қазан 2024 жылғы шешімімен прокурордың апелляциялық шағымы бойынша М, А, Н, және Қ-ға қатысты тағайындалған жазалар бөлігінде өзгертілді.
ҚК-тің 58 бабы 4,5 бөлігі негізінде қылмыстардың жиынтығы бойынша М және Н-ға түпкілікті 7 жыл 7 ай жылға бас бостандығынан айыру жазасын, ал Қ-ға 8 жыл 1 ай бас бостандығынан айыру жазасын сәйкесінше тағайындады. А-ға қатысты түпкілікті тағайындалған жазаға осы баптың 4, 5 бөлігін қолданылды деп есептелді.
"Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды. Прокурордың апелляциялық өтініші жартылай қанағаттандырылды, апелляциялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылды. Апелляциялық қарау барысында сот алқасымен апелляциялық шағымдардың уәждері расталмады, оның үстіне бірінші сатыдағы сотпен материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын анықтады. Сол себепті М, Н, және Қ-ға қатысты тағайындалған жаза мөлшерін көбейтті. Үкім заңды күшіне енді", – деп хабарлады сот.
Еске салайық, бұған дейін Оралда сот күдіктілердің бәрін кінәлі деп тауып, кәмелет жасқа толмаған сотталушылар 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал қылмыс жасаған кезде 19 жаста болған Рүстем Меңдібеков қыз зорлағаны үшін 20 жылға сотталды. Сот отырысы жабық есік жағдайында өтті. Сотталушылардың туыстары мен айыпталушылардың өздері жанжал шығарғандықтан, үкім жариялауды кейінге қалдыруға тура келді. Нәтижесінде судья Асланбек Дүйсенғалиев сот залында сотталушыларсыз үкім шығарды. Ғимарат аумағы қоршалып, аймақты жылдам қимылдайтын жасақ күзетті.