Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көлік министрі ауыл жолдарына асфальт орнына неліктен қиыршық тас төселетінін түсіндірді

Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкіметтегі брифингте кейбір ауылдарға асфальт жол салынбауының себебін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министр бұл шешім жол сапасын төмендетуді білдірмейтінін айтты.

“Бұл асфальттан мүлде бас тарттық деген сөз емес. Біріншіден, көп ауылға асфальт жол салынады. Олар тірек ауылдар, 500-ден астам көлігі немесе 500-ден астам тұрғыны бар елді мекендер. Сонымен қатар заң бойынша асфальт жолмен қамтамасыз етілуі тиіс барлық шекара маңындағы ауылдар. Еліміз аумағы жағынан әлемдегі ең ірі он елдің қатарына кіреді. Ал халық саны жағынан керісінше, соңғы орындардың біріндеміз. Халқы сирек қоныстанған мемлекетпіз. Сондықтан инфрақұрылымға өте үнемді әрі тиімді қарауымыз керек. Егер тұрғын саны аз әр ауылға асфальт төсей берсек, қаржы жетпейді”, – деді министр.


Қазақстанда ауылдардың арасындағы жолдарға асфальт төсеуге тыйым салынбақ


Бұрынғы қаржы министрімен байланысты асфальт зауыты қарызға батқан соң, сатылымға шығарылды


Министр бұл сөзі түсінікті болу үшін мысал келтірді.

“Бұйрықта көрсетілген шешім өте қарапайым. Мысалы, аудан әкімдігіне 500 миллион теңге бөлінеді. Бұдан артық қаражат жоқ. Соған қарай әрекет етеді. Ол 500 миллион теңгеге бір ауылға асфальт жол сала алады. Өйткені асфальт салу қиыршық тас жолға қарағанда бес есе қымбат. Болмаса сол қаржыға бес ауылға қиыршық тас жол төсей алады. Мәселе осында. Қаржы пайда болып, экономика мүмкіндік берген кезде бұл жолдарға кейін асфальт төсеймін. Демек, асфальтты кейін де төсеуге болады. Бұл қаражатты ұтымды пайдалану тәжірибесі”, – деді Көлік министрі.

Айта кетейік, бұған дейін Көлік министрлігі ауылдарға апаратын, халқы аз немесе көлік қозғалысы төмен елді мекендер жолдарын асфальттауға уақытша шектеу енгізуді ұсынған еді. Қазір бұл қоғамдық талқылауға ұсынылған. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 03 Наурыз, 2026 13:05