Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көлігі бірнеше рет бұзылған қазақстандық әйел сатқан компаниядан моральдық шығын өндіріп алды

көлігі сынған

Фото: ЖИ

Қарағандыда көлігі бірнеше рет бұзылған иесі соны сатқан компанияны сотқа берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының №2 аудандық сотында З-ның көлікті сатып алу-сату шартын бұзу, төленген қаражатты өндіру, моральдық зиянды өтеу туралы талап арызы бойынша азаматтық іс қаралды.

2022 жылы талап қоюшы 2022 жылы шығарылған, құны 12 850 000 теңге Chery Tiggo 7 PRO маркалы автокөлікті сатып алған. Алған соң көлік бірнеше рет істен шыққан. Ақауларды жою мақсатында талапкер кепілдік қызметпен ресми дилерге жүгінген. Олар бірқатар агрегаттар мен тораптарды ауыстырған. Алайда кемшіліктер жойылған жоқ.

Істі қарау барысында сот автотехникалық сараптама тағайындады, оның қорытындысы бойынша анықталған 11 ақаудың 9-ы өндірістік (зауыттық) ақау болып шықты.

Жауапкер талаптарды мойындамай, кепілдік міндеттемелерін тиісінше орындағанын көрсетті. Сондай-ақ сарапшының қорытындысымен келіспейтінін білдірді. 

Сот “Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” заңға сәйкес елеулі кемшіліктері бар сапасыз тауар сатылған жағдайда талапкердің сатып алу-сату шартын бұзуға құқығы бар деген қорытындыға келді.

“Талап арыз ішінара қанағаттандырылды. Көлік құралын сатып алу-сату шарты бұзылды, жауапкерден 12 850 000 теңге мөлшерінде қаражат, 500 000 теңге моральдық зиянды өтеу сомасы, сондай-ақ сот шығындары өндірілді”, – делінген хабарламада.

Жоспарлы техникалық қызмет көрсетуге, қосымша жабдыққа және өсімпұлға жұмсалған шығындарды өндіру туралы талаптарды қанағаттандырудан бас тартылды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Қырмызы Скендирова
Сәрсенбі, 04 Ақпан, 2026 21:23