Биыл көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін фермерлерге 385 миллиард теңге бөлінген
Фото: gov.kz
Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мәселесіне тоқталды. Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер 385 млрд теңге сомасына қаржыландырылған. Жеңілдетілген қаржыландыруға 8 әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация қатысып жатыр, оларға фермерлерді қаржыландыру үшін 131,1 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Жылдық 5% сыйақы мөлшерлемесі бойынша 200 млрд теңге сомасына жеңілдетілген лизинг бағдарламасы отандық өндірістің 6 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға мүмкіндік бермек. Бүгінгі күні 120 млрд теңгеге 3,2 мың өтінім келіп түсті. Форвардтық сатып алу шеңберінде Азық-түлік келісім шарт корпорациясына 17,7 млрд теңге сомасына ауылшаруашылық тауарын өндірушіден 191 өтінім келіп түсті", – деп хабарлады Айдарбек Сапаров.
Қаржыландырудан бөлек, Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов еліміздің оңтүстік өңірлерінде шегірткенің таралуына қарсы күресті күшейту қажеттігіне назар аударды.
Ауыл шаруашылығы министрі зиянкестермен күресуге республикалық бюджеттен 7,1 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді.
Министрлік мәліметінше, шегірткелердің таралуы 2,1 млн гектар аумақты қамтиды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млн гектарға аз. Зиянкестермен күресуге республикалық бюджеттен 7,1 млрд теңге бөлінді. Жамбыл және Түркістан облыстарында шегіртке зиянкестері дернәсілдерінің таралуы байқалады.
Премьер-министр қажетті қорғау шараларын жүргізуді қамтамасыз етуді және ведомство мен өңірлер арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырды.
"Айдарбек Сейпілұлы, өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, зиянкестерге қарсы сапалы мониторингті, профилактикалық және қорғау шараларын жүргізуді қамтамасыз ету керек. Шегірткенің таралу болжамдарын үнемі жаңартып отырып, жедел шаралар қабылдау үшін ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажет. Қазіргі сәтте Түркістан және Жамбыл облыстарында шегірткемен күреске ерекше назар аударыңыз", - деп атап өтті Олжас Бектенов.

"Әйелдерді ылғи ұрысқақ, долы, толық етіп көрсетеді": Қоғам белсенділері қазақ киносындағы әйелдің образы неге өзгермейтінін талқылады
