Қазақстанда көктемде сұйытылған газдың бағасы көтеріледі
ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев биыл көктемде сұйытылған мұнай газының бағасы көтерілетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. Министрдің пікірінше, қазір автогаз өндірісі елдегі төмен бағаға байланысты шығынға ұшырап жатыр.
Сурет pixabay
Министрдің айтуынша, газдың қазіргі бағасы саланы шығынға ұшыратады. Қаражат жетіспегендіктен тұрақты жөндеу жұмыстары жүргізілмей, жаңғыртуға қаражат инвестицияланбайды.
"Шамамен 5-8 теңгеге көтеру жоспарланып отыр", – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Министр автогаз бағасының өсуі осы жылдың көктемінде жоспарланып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда сұйытылған мұнай газының ең төмен бағасы — өңірге байланысты 54-86 теңге аралығында.
Ол өзге елдерде, мысалы Ресейде бір литр газдың бағасы 165 теңге, Қырғызстанда 159 теңге, Әзірбайжанда 171 теңге, Тәжікстанда 273 теңге екенін салыстыра жеткізді.
“Ел халқының ішкі қажеттіліктерін үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында министрлік пен "Теңізшевройл" ЖШС арасында ай сайын 20 мың тонна сұйытылған мұнай газын жеткізу туралы келісімге қол қойылды. Бүгін "QazaqGaz "ҰК" АҚ және Солтүстік Каспий жобасының акционерлері 2024 жылдың соңына дейін көлемі жылына 700 мың тоннаға дейінгі Қашаған сұйытылған газын сатып алу-сату шартына қол қою мәселесін пысықтап жатыр”, – деп қосты министр.