Көкшетауда тарихи көркем өнер мектебі сүріліп, орнына тұрғын үй кешені салынбақ
Фото: time.kz
Көкшетауда көркем өнер мектебінің ғимараты сүріліп, орнына тұрғын үй кешені салынбақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
70 жылдық тарихы бар көркем өнер мектебінің ғимараты Көкшетаудың ескі бөлігінде орналасқан. Жаңа жоспар бойынша мектеп сүріліп, орнына тұрғын үй кешені бой көтермек. Ал мектепке осы кешеннің бір бөлігінен орын беріледі екен.
Мектептің бұзылатынын естіген қала тұрғындары наразылық білдірген соң, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ғимараттың тағдырын көкшетаулықтар қоғамдық тыңдауда шешуін тапсырған.
Қоғамдық тыңдауда сөйлеген "Көкше" ӘКП” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әли Әлиев құрылысты салатын компанияның бұл жобаларды алғаш рет жасап жатпағанын айтқан. Оның айтуынша, бұл жоба тұрғын үйді салатын кәсііпкер үшін де, жаңа, кең ғимаратқа көшетін мектеп үшін де пайдалы болмақ.
"Қазір мектеп тек сыртқы көрінісімен ғана жақсы әсер қалдырады, шындығында балалар мен мұғалімдер үшін қауіпті. Ескі ғимаратты бұзу – жоғалту емес, балаларға даму үшін ең жақсы жағдай жасау мүмкіндігі", – дейді Әли Әлиев.
Оның айтуынша, сараптама қорытындысына сәйкес, 1965 жылы салынған ғимарат қазір апатты жағдайда. Сонымен қатар мектептің жалпы ауданы 570 шаршы метр болса да, пайдалануға жарамды ауданы – 360 шаршы метр ғана екен.
"Жаңа ғимаратта мектептің аудан екі есе артып, мың шаршы метрден асады. Жобада еденге дейінгі панорамалық терезелер, көрме алаңы, ыңғайлы күту аймағы, терраса да бар. Бұл жоба қаланың сәнін арттырады", – деді ол.
Әлиевтің айтуынша, кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бір жылда аяқтап, 2026 жылдың қыркүйегінде балалар жаңа ғимаратта оқи алады. Басты артықшылық мектепке бюджет қаражаты жұмсалмайды, барлық шығын құрылыс компаниясының мойнында.
Көркем өнер мектебінің директоры Юлия Желобкованың айтуынша, ұсынылған жобамен мұғалімдер де келісіп отырған көрінеді.
"Біздің мектебіміз елдегі ең үздіктердің бірі. Қазір біз төрт ауысыммен жұмыс жасауға мәжбүрміз. Таңғы сегізден кешкі тоғызға дейін. Солай бола тұра, барлық өтініш білдірген балаларды қабылдай алмаймыз. Авторлық оқу бағдарламасы бойынша мүгедектігі бар балалармен жұмыс істейміз, бірақ ескі ғимаратты олар үшін бейімдеуге мүмкіндік жоқ. Шкаф, мұғалімдер бөлмесі, техникалық қызметкерлерге арналған орын жоқ. Ғимарат шөгіп кеткен, әр жаңбырда жертөле суға толады. Біз бұл ғимаратқа бар қамқорлығымызды жасадық, бірақ қазір қолымыздан ештеңе келмейді", – дейді мектеп директоры.
Мектеп түлектері мектеп аумағындағы саябаққа жаңа жобада орын берілмегенін, ағаштардың тағдыры не болатынын сұрады.
Әли Әлиев балалар үшін пленэр үшін ашық терраса болатынын уәде етті, ал кесілген әр ағаштың орнына он жаңа ағаш отырғызылатынын айтты.
Ал "ағаштар қайда отырғызылады?" деген заңды сұраққа қала әкімі Әнуар Күмпекеев жауап берді.
“Мектеп түлектері де өз тілектерін айта алады. Қайда қаласаңыздар, сол жерге отырғызамыз”, – деді әкім.
Талқылаудың соңында қала қоғамдық кеңесінің мүшелері жобаны бір ауыздан мақұлдады.
Еске салсақ, бұған дейін Атырау облысында 605 миллион теңгеге салынған жаңа балабақша сүрілетіні туралы жазған едік.

"Эфирден қиып тастайды, концертке қатыстырмайды": Қазақстандық шоу-бизнес өкілдері хиджаб кигені үшін түрлі кемсітуге тап болған
