Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Көкшетауда лауазымды тұлғалар "Набережная" жағажайын салуға бөлінген 170 миллион теңгені жымқырған (видео)

Фото: Видеодан скрин

Көкшетау қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы, техникалық қадағалау – "М-Строй Проект" ЖШС-і және мердігер компания "ПавлодарЭнергоМонтаж" ЖШС-нің басшылары 170 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін  ұсталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бас прокуратураның мәліметінше, лауазымды тұлғалар талан-таражға салған қаражат 2021 жылы Көкшетау қаласында ескі аэропорттан бастап Қан орталығына дейін "Набережная" жағажайын салуға бөлінген. 

Күдіктілердің бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқыру, талан-таражға салуы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі бойынша сараланды. Бұл бап бойынша мүлкін тәркілеумен қоса 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

“Барлық күдікті сот санкциясымен күзетпен ұстауға алынды. Тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған – Астанадағы 95 миллион теңгеге бағаланған коммерциялық жылжымайтын мүлік табылды”, – делінген хабарламада.



Сондай-ақ "Набережная" жобасы бойынша жұмыстың бір бөлігі Атбасардағы басқа нысаннан жымқырылған ақшаға жасалғаны белгілі болды. Сондықтан бір күдіктінің әрекеті қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату), яғни Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігі бойынша қосымша сараланды. Бұл үшін мүлкін тәркілеумен қоса 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қазір қылмыстық іс аяқталуға жақын. Соңғы шешімді іс бойынша сот шығарады.

Айым Болатқызы
Жұма, 25 Сәуір, 2025 09:51
Талқылау