Көкшетауда құмырсқаға таланып көмек сұраған халықты әкімі салақ деп айыптады
Көкшетауда қыстың қақаған аязында тұрғындарға қызыл құмырсқалар күн көрсетпей жатыр. Жәндіктер облыс орталығындағы бірнеше көпқабатты үйді жаулап алған,-деп жазды 31 арна.
Олармен күресудің тиімді жолын таба алмаған кейбір тұрғындар, тіпті, пәтерлерін сатып, көшіп кетуге мәжбүр болыпты.
«Үйімізді құмырсқалардың мекен еткеніне бірнеше жыл болды»,- дейді көкшетаулықтар. Олармен күресу жолдарын іздеген тұрғындар небір қымбат дәрілерді де сатып алады екен. Алайда, әзірге, нәтиже болмай тұр дейді.
«Улы заттар да сатып алдық. Ешнәрсе көмектеспейді. Қыста азаяды. Ал күн жылыса қайтадан қаптап кетеді. Мүмкін төбеден келетін шығар. Қайдан шығатындарын білмейміз»,-дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Татьяна Сурмач.
Нина Мналимова болса, улы дәрілерді күнде себеді. Бірақ, одан айтарлықтай нәтиже болмайтынын түсінген ол азық-түліктерді тығып қоюды әдетке айналдырыпты. Үстел үстіне тәттілер, тамақтар қоймайтын болдық дейді.
Тіпті нанды да тоңазытқышта сақтайтынын айтады. Өйтпеген жағдайда, жәндіктер мүлдем қаптап кетеді екен.
«Бұрын күріш, макарон сынды азық-түліктерді көбірек алып қоятынмын. Қазір аз аздап алатын болдым. Өйткені құмырсқалар олардың да ішіне кіріп кетеді.
Көршілердің барлығы құмырсқалардан зардап шегіп отыр. Осы үйдегі пәтерлердің барлығында бар»,-дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Нина Мналимова.
Қысы – жазы маза бермейтін құмырсқалардың қайдан пайда болғаны белгісіз. Кейбір тұрғындар «шатырдағы өлген құстардың кесірінен пайда болуы мүмкін» – десе, енді біреулер ұсақ жәндіктер жақын маңда құрылыс жұмыстары басталғанда үйлерге көшкен дейді.
Ал әкімдіктегілер болса, «тұрғындардың өздері кінәлі, баспаналарын таза ұстаса, мұндай болмас еді»-деп қысқа қайырды. Бірақ, жүздеген пәтерден тұратын бірнеше үйдің барлығы лас деп айту ақылға сыймайды.
Оқи отырыңыз:
2018 жылдан бастап көп балалылар мен аз қамтылған отбасылардың бәрі бірдей жәрдемақы ала алмайды
Баршаға бірдей босанғанда төленетін бір реттік жәрдемақы қанша