Көкшетау тұрғыны мемлекетке өзінің "тірі" екенін дәлелдей алмай жүр
Фото: Оксана Матасова/Kazinform
Көкшетау тұрғыны Сергей Косянчук бірнеше жыл бойы мемлекеттік органдарға өзінің тірі екенін дәлелдеуге тырысып жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Казинформ басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қостанай облысында аттасы қайтыс болғаннан кейін мемлекеттік орган деректер базасына ақмолалық Сергейді де қателесіп “қайтыс болды” деп көрсетіп қойған.
Ер адам алғаш рет өзінің “қайтыс болғаны” туралы төрт жыл бұрын білген. Жұбайымен бірге тұрмыстық мәселе бойынша ХҚКО-ға барған, алайда орталық қызметкерлері Сергейге таңданыспен "Сіз тірілер қатарында жоқсыз" деген. Кейінірек 2009 жылы Қостанай облысында оның толықтай аттасы көз жұмғаны белгілі болды
“Ол кезде мәселе тез шешілген. Мені полицияға шақырып, саусақ іздерін алды, шынымен де өзім екенімді, біреудің құжатымен жүрмегенімді тексерді. Содан кейін ХҚКО-ға шақырып, құттықтап, бір сөзбен айтқанда “тірілтті”. Бірақ арада төрт жыл өткен соң жағдай қайталанды. Барлығы Қостанай облысындағы аттас адамға байланысты”, – дейді Сергей.
Бұл жолы күдік оның автобуста жол жүру картасы бұғатталған кезде пайда болған.
“Біз жұбайым екеуіміз қалалық автобус паркіне бардық. Ол жерде бізге ХҚКО-дан алынған анықтаманы берді, онда "туған жері" ретінде шетел көрсетілген, сондай-ақ 2009 жылы Қостанай облысында 47 жасында қайтыс болғаным туралы ақпарат тұрды. Мен құжаттарымды көрсетіп, тірі екенімді түсіндірдім. Маған жаңа көлік картасын жасап берді", – деп еске алады Сергей.
Алайда бірнеше күннен кейін, зейнетақы алатын уақыт жақындағанда, оның банк картасы да бұғатталған.
“Біз ХҚКО мен АХАТ-қа бардық. Бір жақсысы жанымда әйелім бар. Қазір шағымдарды да оның атымен беріп жүрмін, өйткені менің Egov-ым бұғатталған. Тіршілігіміз де оның қаражатына қарап тұр, зейнетақымды ала алмай жүрмін. АХАТ-та “жүйелік ақау болған” деді. Бірақ қалайша?”, – деп таңданады ер адам.
Ақмола облысы бойынша “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы филиалының АХАТ басқармасы жағдайға түсініктеме берді. Қызметкерлердің айтуынша, Сергей бір кездері төлқұжатын жоғалтып алған, алайда бұл туралы хабарламай жеке куәлікпен өмір сүруін жалғастыра берген. Кейін Қостанай облысында оның жоғалған төлқұжатымен жүрген ер адамның мәйіті табылған. Сол құжат бойынша ол адам жерленген. Ол кезде акт жазбаларында ЖСН көрсетілмейтін болған.
Кейін ЖНС кез келген жазбаға – туу, неке, ажырасу, өлім туралы актілерге автоматты түрде тіркелетін болып өзгерді. Ақпараттық жүйелер деректердің 100% сәйкес келетінін көріп, синхрондау кезінде өлім туралы акт жазбасына Сергейдің ЖСН-ын қателесіп тіркеп жіберген.
Сергейдің жұбайы әлгі өлім туралы акт жазбасының күшін жою туралы өтінішті әділет департаментіне жолдап қойған, ал Сергейдің өзі Көкшетау қалалық АХАТ бөліміне өтініш жазған. АХАТ басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, енді құжаттар Қостанай облысының әділет департаментіне жіберіледі. Департамент өлім туралы акт жасалған Қостанай қалалық АХАТ бөліміне нұсқау беріп, өлім жөніндегі жазбаны жойып, Сергейді “тірілер қатарына” қайтаруы тиіс.
Алайда Сергейдің өзі паспорт жоғалтпағанын айтады. Сонымен бірге, қайтыс болған адамның деректер базасында “шетелде туған” деп көрсетілуі, ал Сергейдің Көкшетауда туғаны олардың шынында да екі бөлек, бірақ аттас адам болғанын көрсетеді. АХАТ басқармасы қызметкерлерінің сөзінше, Сергейді “тірілту” бір-екі күн ішінде аяқталуы тиіс.
Еске салсақ, бұған қазақстандық әйелді емхана қызметкерлері анасының орнына “өлгендердің тізіміне” қосып жібергені туралы жазған едік.
“2 миллиард теңгеге жуық“: Қазақстан өңірлері 2026 жылды қарсы алуға қанша қаражат жұмсайды?