Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қоқыс жәшігіндегі сөмкеге салынған мәйіт: Ақтөбеде болған сұмдық оқиғаның егжей-тегжейі белгілі болды

Фото: Threads.com

Ақтөбеде қоқыс жәшігіндегі сөмкенің ішінен мәйіті табылған ер адамды өлтірді деген күдікті ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Полицияның мәліметінше, 12 наурызда Ақтөбе қаласындағы аулалардың бірінен ер адамның мәйіті табылған. Осы оқиғаға байланысты полиция қызметкерлері кешенді жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, нәтижесінде қылмысқа қатысы бар күдіктіні анықтап, ұстаған.

“Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті мен марқұм бірге ішімдік ішу кезінде араларында жанжал туындаған, сол жанжалда күдікті марқұмға бірнеше пышақ жарақатын салған”, – делінген полиция хабарламасында. 

Қазір оқиғаның барлық мән-жайларын жан-жақты, толық анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде мектеп маңындағы қоқыста жатқан үлкен сөмкеден мәйіт табылғаны туралы жазған едік. Тұрғындардың айтуынша, сөмке қоқыста бірнеше күн бойы жатқан. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 17 Наурыз, 2026 20:46