"Қоқыс су ішінде жатыр": Шардара су қоймасында демалушы тазалық мәселесін көтеріп, шағым білдірді
Фото: Видеодан скрин
Түркістандық әйел Шардара су қоймасына демалуға барып, қоқыс толған жағажайды көріп шошынғанын жеткізді. Ол өңір тұрғындарынан тазалық сақтауды сұрап, шағымын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде танымал туристік аймақта түсірілген видео пайда болды. Кадрлардан суға түсіп жатқан бір топ адам мен бөтелкелерді, шашылып жатқан қоқысты байқауға болады.
Видео авторы демалыс аймағына кіру 1000 теңге болғанын, ал қолдан жасалған тапшан үшін 10 000 теңге төлеуге тура келгенін айтты.
"Мұнда қоқыс жәшіктері мен дәретханалар да жоқ. Ал демалушылар суға түсу үшін жағалауда жиналып қалған қоқыстың арасынан өтуге мәжбүр. Бұл мәселе бұрыннан бар", – деді видео авторы.
Аталған жағдай желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Олар демалыс орындарында белгілер қою керегін айтты.
"Олар өздері демалып, өздері қоқыс тастап жатыр. Бір күнмен ғана өмір сүретін адамдар", "Бейнебақылау жұмыс істейді. Қоқыс тастамаңыз. Айыппұл – 100 000 теңге, дейтін белгілер қою керек", "Мыналар шынымен де демалып жүр ме?", – деп жазды олар.
Ал Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, қазір жағажайда тазалық жұмыстары жүріп жатыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Шардара ауданында жұмыс сапарымен болып, су қоймасы маңындағы жағажайларды аралап көріпті.
"Облыста екі жылдан бері туристік орындарды реттеу, санитарлық тазалықты сақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ әлі де кемшіліктер көп. Жағажайларды тез арада ретке келтіріп, тазалық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек. Демалыс алаңдары бар кәсіпкерлер өз міндеттерін адал атқаруы тиіс. Жағажайларға қажетті талаптар орындалмаса, келісімшартты бұзу керек", – деді әкім.
Сондай-ақ әкім басты мәселе демалушылардың қауіпсіздігінде екенін айтты.
"Туризмді дамыту үшін тазалық пен қауіпсіздік бірінші орында болуы керек. "Жағажайға келушілердің тазалық талаптарын сақтауын қадағалаңыздар", – деді Көшеров.
Жағажайларды аралаған облыс әкімі аудан әкімдігінде жиын өткізіп, жағажайлар мен туристік нысандардың жұмысын талқылады.
"Бүгін біз жаңа жағажайларды аралап, қауіпсіздік пен тазалық бойынша кемшіліктерді көрдік. Төтенше жағдайларға жауапты мекемелер жұмысын күшейтіп, олқылықтарды жоюы керек. Полиция тазалық талаптарының сақталуын қадағалап, жағажайларда алкогольдік өнімдердің сатылмауын бақылап, тәртіпті сақтауы керек", – деді ол.
Сондай-ақ Көшеров құтқарушылардың санын көбейту, қажет болған жағдайда нысандарды судан алыстату, автотұрақтар ұйымдастыруды тапсырды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық қоғам белсенділері танымал курорттағы жағдайды сынағаны туралы жазған едік.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
