"Қоқыс көлемі 3,4 миллиард тоннаға жетеді": Депутат утильдік алым бойынша төлемдерді қайта қарауды ұсынды
Фото: kasheloff.ru
Депутат Нартай Сәрсенғалиев Қазақстандағы қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптау мен қайта өңдеу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, елімізде бұл тірлік көңіл көншітпей тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, 2050 жылға қарай жер бетіндегі қоқыстың көлемі 3,4 миллиард тоннаға жетеді.
“Бұл жерде Қазақстанның да үлесі аз емес. Себебі елімізде қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптау мен қайта өңдеу басы бар, аяғы жоқ тірлік болып тұр. Салдарынан көлемі көпқабатты үймен бірдей қоқыс полигондары қаптап жатыр. Ресми полигонға қоқыс тастау қымбат деп, қалдықты елдің көзінен тасаға апарып төгіп тастайтындарды да көрдік. Бұл қоршаған орта мен адам денсаулығына орасан зиян әкеледі", – деді депутат.
Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша, қатты тұрмыстық қалдықты кәдеге жарату үшін қомақты қаржы керек.
"Қаржыландыруды көбейту үшін, тарифті қымбаттатпау үшін Қазақстанда өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі (ӨКМ) механизмі іске қосылды. Бұл қарапайым жүйе былай жұмыс істеуі керек еді: қоршаған ортаны ластаушы компаниялар қалдықтарды жинайтын, қайта өңдейтін орталықтарға атқарған қызметі үшін тиісті қаржыны төлейді. Болды. Бұл жүйе қатесіз жұмыс істеу үшін "Жасыл Даму" мемлекеттік компаниясы оператор ретінде құрылды. Түсінікті әрі қарапайым механизм. Бірақ қарапайым қарекетті Экология министрлігі қиындатып жіберді", – дейді депутат.
Депутаттың сөзінше, қоқысты өңдеумен айналысатын компаниялар атқарған жұмысы үшін өздеріне тиесілі ақшаны тікелей ала алмай қалған.
"Себебі ол төлемді "Жасыл Даму" ұлттық компаниясы 3 пайыздық несие түрінде "Өнеркәсіпті дамыту қоры" арқылы беруді ұйғарған. Бұған 200 миллиард теңге көзделіпті, бірақ бұл мүлдем түсініксіз жағдай. Себебі қоқыс өңдеген компания атқарған жұмысы үшін өзіне тиесілі қаржыны қордан несие түрінде алуға мәжбүр. Демек министрлік қоқыс өңдеушілердің өздеріне тиесілі қаражатты 3%-дық кредит ретінде беріп отыр. Мұны қалай түсінуге болады? Біріншіден, Экологиялық кодекске сай ( 388-бап, 1-тармақ, 15-тармақша), Өнеркәсіпті дамыту қоры тек қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған өңдеуші өнеркәсіп секторындағы жобаларды қаржыландыра алады. Демек қалдықты жинаумен, сұрыптаумен және тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындар қордың қаражатына қол жеткізе алмайды. Сәйкесінше олар күндердің күнінде тарифтерді көтеруді талап етеді. Ол кезде салмақ баяғы тұтынушыға түседі", – дейді Сәрсенғалиев.
Депутаттың айтуынша, министрлік салаға салған осы салмақты жеңілдетпесе өңірлерде қоқысты сұрыптау жұмысы сол күйі басталмайды.
"Сәйкесінше, таудай қоқыс полигондары жыл санап көбейе береді деген сөз. Мемлекет басшысы Өнеркәсіпті дамыту қорын құруды тапсырғанда серпінді өндірістік кәсіпорындарды қолдау туралы айтқан еді. Қордың қаражатын алу үшін қандай да бір саланы түбегейлі түрлендіретін жаңа дүние жасау керек еді. Ал үкіметтің осы бағыттағы әрекетіне қарасақ, Қазақстандағы әр қоқыс өңдеуші зауыт серпінді жоба секілді", – дейді ол.
Депутат бұл мәселені шешу үшін, мына ұсыныстарды айтты:
- ӨКМ операторына утильдік төлемдерді төлеу тетігін қайта қарау қажет;
- Кімге тікелей төлем, кімге несие берілетінін нақты ажырату қажет. Мемлекет басшысы тапсырғандай, "Өнеркәсіпті дамыту қоры" серпінді жобаларды несиелендіруі керек. Ал қоқысты өңдегендер өз еңбекақысын несие ретінде емес "Жасыл дамудан" тікелей төлем ретінде алуы шарт;
- ӨКМ утилизациялық төлемнен түскен ақшаны қоқысты жинайтын, тасымалдайтын, сұрыптайтын ұжымдарға да беруі қажет. Себебі ең ауыр жұмысты атқаратын солар;
- Өңірлердегі қоқыс полигондарын азайтудың, өз міндетін дұрыс атқармаған компанияларға санкция салудың тетіктерін қарастыру керек;
- Уәкілетті орган жүйелі жұмыс істеймін десе, салалық қауымдастықпен бірлесіп Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесінің келісілген тұжырымдамасын қабылдауы керек. Содан кейін барлық нормативтік-құқықтық актілерді осы тұжырымдамаға сәйкестендіру қажет.
Айта кетейік, бұған дейін Назарбаева кезінде “ӨКМ операторының" қалдықтар секторына инвестицияланған 1,6 млрд теңге нөлге теңестірілгені туралы жазған едік.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
