Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көк сорпа қалай әзірленеді: ең үздік 5 рецепт

Жаз мезгілінде кең танымалдыққа ие болатын әрі кез-келгеніміз сүйсініп ішетін ас – салқын көк сорпа.

okroshka

Салқын әрі тойымды астың ең үздік рецептерін ұсынамыз.

Классикалық көк сорпа

9c99c475ab2d80a98fdb13af13138854

Қажетті заттар: 

  • квас – 1 л
  • пісірілген сиыр еті – 300 г
  • картоп – 3 дана
  • қияр – 2 дана
  • шалғам – 5 дана
  • қаймақ – 4 ас қасық
  • пісірілген жұмыртқа – 2 дана
  • көк пияз, ақжелкен, аскөк – талғамыңыз бойынша
  • тұз – талғамыңыз бойынша

ДайындалуыТағамды әзірлеу үшін қажетті заттардың барлығын дайындап аламыз. Картопты, жұмыртқаны пісіріп, суытып, қабығынан тазалаймыз. Көкөністерді жақсылап жуамыз.

Ет, картоп, қияр, шалғам мен жұмыртқаны текшелеп тураймыз. Көк пияз, ақжелкен, аскөкті ұсақтап турап аламыз. Шұңғыл ыдысқа туралғандардың бәрін салып, тұз, қаймақ қосамыз. Үстіне квас құямыз.

Барлығын жақсылап араластырамыз. Көк сорпаны 2-3 сағатқа тоңазытқышқа қоямыз. Салқындаған көк сорпаны дастарханға ұсынуға болады.

Сарысу қосылған көк сорпа

62e87c16a2b1922f13a148d465be7782

Қажетті заттар:

  • сарысу – 2 л
  • пісірілген ет – 250 г
  • пісірілген жұмыртқа – 4 дана
  • қияр – 3 дана
  • көк пияз, аскөк, ақжелкен – 1 бума
  • қаймақ – 450 г
  • лимон шырыны – талғамыңыз бойынша
  • тұз – талғамыңыз бойынша

Дайындалуы: Қияр, көк пияз, аскөк, ақжелкенді жуып, қағаз майлықпен құрғатып аламыз. Барлығын ұсақтап турап, кәстрөлге салып, қаймақ қосамыз.

Оған ұсақталған жұмыртқа мен текшелеп туралған ет қосамыз. Бәрін араластырып, сарысу құямыз. Мұнан кейін көк сорпамызға талғамымыз бойынша лимон шырыны мен тұз қосамыз. Барлығын тағы бір араластырып, 30 минутқа тоңазытқышқа қоямыз.

Айраннан жасалған көк сорпа

bd116c6b11e2af3ac25bdce3bf58b9cb

Қажетті заттар:

  • айран – 1 л
  • ветчина – 400 г
  • картоп – 2 дана
  • жұмыртқа – 2 дана
  • қияр – 2 дана
  • шалғам – 200 г
  • көк пияз, аскөк – талғамыңыз бойынша
  • тұз – талғамыңыз бойынша

ДайындалуыКартопты жуып, пісіріп, суыған соң қабығын аршимыз. Қияр мен шалғамды жақсылап жуып, текшелеп тураймыз.  Піскен жұмыртқаны ұсақтап, ветчинаны ұзынша етіп турап аламыз.  Көк пияз бен аскөкті жуып, ұсақтаймыз.

Кәстрөлге ветчина, картоп, жұмыртқа, қияр, шалғам, көк шөпті саламыз. Тұз қосып, айран құямыз. Барлығын араластырып, бір сағатқа тоңазытқышқа қоямыз. Айраннан жасалған көк сорпамыз дайын!

Балық қосылған көк сорпа

129e3230d26a381d373982dec5745aa9

Қажетті заттар:

  • қақталған скумбрия – 1 дана
  • картоп – 4 дана
  • жұмыртқа – 4 дана
  • шалғам – 5 дана
  • қияр – 3 дана
  • квас – 1,5 л
  • аскөк, көк пияз – талғамыңыз бойынша
  • тұз, қара бұрыш – талғамыңыз бойынша
  • қаймақ – талғамыңыз бойынша

ДайындалуыЖұмыртқа мен картопты пісіріп, қабығынан тазалаймыз. Оларды ұсақтап, қияр мен шалғамды текшелеп, көк шөпті ұсақтап турап аламыз. Қақталған скумбрияны сүйегінен тазалаймыз. Балықтың етін кішкене бөліктерге бөліп тураймыз.

Кәстрөлге жұмыртқа, картоп, қияр, шалғам, көк шөп пен балықты саламыз. Тұз бен бұрышын қосып, жақсылап араластырамыз. Артынан кәстрөлге квас құйып, тоңазытқышқа бір сағатқа қоямыз. Салқындаған көк сорпаны дастарханға ұсынамыз.

Минералды су негізіндегі көк сорпа

948c43712bf1d092196d093e40b5d43f

Қажетті заттар

  • минералды су – 2 л
  • піскен картоп – 2 дана
  • қияр – 1 дана
  • пісірілген жұмыртқа – 2 дана
  • ветчина – 100 г
  • қаймақ – 250 г
  • шалғам – 5-7 дана
  • аскөк, көк пияз – 1 бума
  • лимон – 1 дана
  • тұз – талғамыңыз бойынша

Дайындалуы: Көк шөпті ұсақтап тураймыз. Оған тұз, лимон шырынын қосып, араластырамыз. Мұнан соң ұсақ текшелеп туралған картоп, ұсақталып туралған жұмыртқа мен қиярды, үккіштен өткізілген шалғамды қосамыз.

Ветчинаны текшелеп турап, кәстрөлге саламыз. Қаймаққа 1 литр минералды суға құйып, араластырып, кәстрөлдегі туралған заттарға құямыз. Барлығын араластырып, қалған минералды суымызды құямыз. Астарыңыз дәмді болсын!

Талқылау