Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аға образы ауадай қажет" – Қуаныш Құдайберген

Юнико

Қуаныш Құдайберген – “Тренер аға” сериалындағы басты рөлді сомдаған актер. Бұған дейін “5:32”, “Жұмбақ қыз” секілді жобаларымен танылған ол Stan.kz ақпарат агенттігіне сұхбат беріп, өмірі жайлы сырт шертті. Спорттық драманың жұлдызына айналған ол салауатты өмір салты, қазақ қоғамындағы ағаның рөлі, әке мен баланың қарым-қатынасы жайлы да айтып берді. 

“Фильмге түсу – лотерея”

Қуаныш Құдайберген

Қуаныш Құдайберген мектеп кезінен актер болуды мақсат еткен. Ал кино әлеміне аяқ басуына өнердегі ағаларының кеңесі септігін тигізген. 

“9-сыныпты аяқтаған соң Әділ Ахметовпен таныстым. Сонда ол “Түрің де, өнерің де бар, актерлікке тапсырып көр” деп кеңес берді. Содан екі жыл қатарынан әр түні өнер академиясына түскенімді, актер болғанымды ойлап, қиялдамай ұйықтамаған кез болмады. Бірақ шын мәнінде бәрі мен ойлағандай емес екенін түсіндім. Бұл саланы ұнатқан соң, қиынына да, ауыртпалығына да шыдайсың”, – дейді актер.

Қуаныш Құдайберген бұған дейін 5-6 фильм-сериалда басты рөлді сомдаған. “Фильмге түсу – лотерея” деген ол бағың келгенде бабыңда болуың маңызды екенін жеткізді.

“Кей актерлер бар, бабы келсе де, бағы келмеген. Біреуінің мансабы 40 жастан асқанда басталады. Мен кинодағы мансабыма разымын, басында қарапайым эпизодтан бастадым. Бірден басты рөл берсе, карьерам тоқтап қалар ма еді? Себебі бабымда болмадым. Мені бірінші танытқан “5:32” сериалы. Осы эпизодқа түспей тұрып мен үлкен шығармашылық тоқырауда жүрдім. Эпизодтарға түсіп жүргенде барыңды саласың, алайда режиссерлар байқамайды. Фильмге түсу бөлек, халықтың көңілінен шығу бір бөлек. Кейін досыммен бұл саладан кету туралы сөйлестім. Келесі күні ұйқыдан тұрсам, желідегі парақшам жарылып жатыр. Жазылушылар саны 10 мыңнан асып кетті”, – деп қосты ол.

Юнико

Қуаныш Құдайберген бала күнінде ата-анасы тарапынан шектеу көп болғанын жасырмады. Бұл фильмдерде антагонистің рөлін сомдауға көмектесті дейді ол.

“Мектепті аяқтағанша кешкі 8-ден кейін мені үйден шығармайтын, шектеу көп болды. Ал фильмде теріс кейіпкерді сомдағанда, оның әрекеттерін құлшыныспен істедім. Кино саласының қызығы да осы, бала күнінен еркіндікте өскен актер кадрда жауызды сомдай алмайды. Ал шектеумен өскен бала жауыздың рөліне жақсы енеді. Ал “Тренер аға” сериалына түскенде, мұнда басты рөлді сомдап шықтым. Бұған дейін де спорттық драмаға түсуді армандап жүр едім. Жаттығу жасап жүрген соң формам да келіп тұрды. Ал осы сериалға кастинг басталғанда, бірден режиссерға “Мен осы рөлге жараймын” деп жабыстым”, – дейді Қуаныш Құдайберген.

“Unico Play-дің түсірілім алаңы мен үшін үлкен мектеп болды”

Актердің сөзінше, “Тренер аға” жобасы оның физикалық әрі рухани тұрғыдан өсуіне әсер еткен. 2,5 ай түсірілім кезінде ол кәсіби жаттықтырушымен дайындалып, бокстың қыр-сырын меңгерген. Айта кетері, сериалдағы басты кейіпкердің жекпе-жегі қазақ киносындағы ең ауқымды сахна деп танылған.

“Өзім боксты жақсы көремін. Ұлттық құрамадағы спортшылардың 80-90%-ын білемін. Әрі Серік Сәпиевтің жанкүйерімін. Ол кісі 2008 жылы жеңіліп қалғанда, жылап қалғанмын. Unico Play-дің түсірілім алаңы мен үшін үлкен мектеп болды. Кәсіби жаттықтырушымен жұмыс істедік, 2,5 ай бойы бокс әлемінде өмір сүрдік. Рухани тұрғыдан өсуіме де септігін тигізді. Мысалы, бұған дейінгі түсірілімдерде Дулыға Ақмолда, Еркебұлан Дайыров секілді ағаларыма еркелеп жүретін едім. Ал мұнда барлығы – жастар, менің інілерім. Мен олардан тазалықты көрдім. Мен қалай ағаларыма қалжыңдасам, олар маған солай қалжыңдайды. Өзімнің жасөспірім кезім еске түсті. Қазір біздің қоғамда әке мен ағаның рөлі түсіп қалды деп ойлаймын. Біздің жас ұрпаққа әкенің образы ауадай қажет”, – деді ол.

Юнико

Қуаныш Құдайберген өмірде адам ретінде өсуге ағаларының кеңесі көмектескенін атап өтті. Ал сериалға түсу барысында інілерінің қолдауы көп көмегін тигізген.

“Інім бокстан спорт шеберіне үміткер. Қолды дұрыс қоюға, техниканы жақсартуға көмектесті. Бірге жаттығу жасадық. Дайындық кезіндегі қызық жайтты айтып берейін. Сериалдағы қарсыласым кәсіпқой спортшы Веллингтон Перейра еді. Бірде жаттығу кезінде Перейраны “спаррингке” шақырдым, қалай айтқанымды өзім де білмеймін. Жұдырықтасып жатқанда оның бір соққысы дәл маңдайға тиді. Өзім шақырған соң түр бермей соңына дейін бокстасып шықтым. Түсірілім кезінде тағы бір рет қатты ұрып жіберді. Мен де оған соққымды батырдым. Солай екеуміз 8-10 секундтай шындап жұдырықтастық. Ет қызуымен білінбеген еді, түсірілім аяқталған соң денемнің ауырғанын байқадым”, – деп актер қызық сәттерін бөлісті.

Юнико

“Жобаның мақсаты – қоғамдағы ағалардың рөлін көтеру”

Қуаныш Құдайберген “Тренер ағадағы” рөлін сомдау үшін түсірілімнен басқа күннің барлығын жаттығуға арнағанын айтады. Осылай 10 келі арықтаған.

“Менің ойымша адамды спорт пен кітап байытады. Кітап – рухани азық, ал спорт – денсаулығыңның кепілі. Спортты бастағалы ұйқыны да азайттым, далада жүруді көбейттім. Суық суға түсеміз, тауға барамыз. Мұны өзің үшін істемесең, басқа ешкім істеп бермейді. “Тренер ағаның” да әсері осыда”, – дейді ол.

Қуаныш Құдайберген “Тренер аға” сериалы жаттықтырушыларға деген құрметті арттырады дейді.

“Сериал “аға” деген ұғымды жақсы көрсетті. Мақсаты – қоғамдағы ағалардың рөлін көтеру. Сериалдағы Дархан балаларға ешкім емес. Алайда уақыт өте қиындықтарды бірге еңсеріп, бір-бірін түсіне алды. “Ағасы бардың жағасы бар” деп бекер айтпайды”, – деп түйіндеді ол.

“Тренер аға” сериалының бірінші бөлімін мына сілтемеден көре аласыздар.

Назархан Уән
Сәрсенбі, 18 Наурыз, 2026 12:43