Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көбіне жастар мен зейнеткерлерді тартады: Қазақстанда төлем карталары арқылы жасалатын алаяқтық схемалары көбейіп барады

Банк картасы және алаяқФото: freepik.com

Қазақстан Ұлттық банкі "дропперлердің" төлем карточкалары арқылы жасалатын алаяқтық схемалар көбейгенін мәлімдеп, дропперлік схемаларға араласқандар енді қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Орталық банк мәліметінше, теріс пиғылды адамдар жастарды немесе зейнеткерлерді заңсыз қаржы операцияларына тарту үшін әлеуметтік желілер, мессенджер мен басқа да цифрлық платформаларды белсенді түрде пайдаланады. 

Жастар мен зейнеткерлердің кейбірі саналы түрде, ал кейбірі білместіктен түрлі алаяқтық схемаларға араласып кетуде. Нақтырақ айтқанда, ақшалай сыйақы алу үшін өздерінің банк карталарын үшінші тұлғаларға беріп, ұрланған қаражатты басқа шотқа аудару мен қолма-қол ақшаға айналдыру үшін банк шоттарын ашып, дропперлерге" айналуда.

"Алаяқтар оңай және жылдам табыс түсетініне уәде беріп, банк картасын ашуды және оның алдыңғы жағындағы 16 таңбалы нөмірді, жарамдылық мерзімін, үш таңбалы CVV/CVC кодын, сондай-ақ қосымшаға кіру деректерін, яғни картаның барлық реквизитін беруді сұрайды. Қаскөйлер деректерді қолға түсіргеннен кейін өздерінің заңсыз қаржы операцияларын жүргізеді, соның ішінде алаяқтық жолмен иемденген ақшаны шығарып алады", – делінген банк хабарламасында. 

Ұлттық банк өкілдері:

- банк карталарын және олардың реквизиттерін, соның ішінде мобильді банкинг қосымшасына кіруге арналған деректерді ешкімге бермеуге;

- сақ болуға және оңай табыс табуға уәде бергендерге сенбеуге;

- күмән туындаған кезде банк өкілдерімен кеңесуге;

- ал банк картасы жоғалған жағдайда оны дереу бұғаттап, бұл туралы банкке хабарлауға кеңес береді.

Қосымша ақпарат алу үшін 1477 нөмірі арқылы Ұлттық банктің байланыс орталығына хабарласуға болады.

 

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 30 Шілде, 2025 15:01
Талқылау
`