"Бизнестер жабылады, үкімет қаржы тапшылығын шешпейді": Қазақстанда құн салығы мөлшерінің күрт өсуі неге әкеліп соғады?
Қазақстанда қосылған құн салығы 12%-дан 20%-ға дейін көтерілуі мүмкін. 23 қаңтарда премьер-министр Олжас Бектенов жиын өткізіп, экономистер және кәсіпкерлермен бірге жаңа Салық кодексін талқылады. Сол кезде ҚҚС салығын 12%-дан 20%-ға дейін көтеруді және қосылған құн салығы бойынша тіркеу шегін жылына 79 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін төмендетуді, әлеуметтік аударымды азайтуды ұсынылды. Осылай мемлекет бюджетін толтырып, ондағы тапшылықты азайтуға болады дейді. Дегенмен әлеуметтік желіде көптеген кәсіпкерлер талқыланып жатқан ұсынысқа қарсылық танытып жатыр. Stan.kz ақпарат агенттігі кәсіпкерлер мен экономистермен тілдесіп, бұл ұсыныс ел экономикасына және кәсіпкерлердің жағдайына қалай әсер етуі мүмкін екенін сұрап көрді.
Фото: Depositphotos
“ҚҚС көтерілсе, табысым азайып, шығыным көбеюі мүмкін”
Алматылық кәсіпкер Қасым Темірханның ноутбук пен смартфон жөндейтін шағын орталығы бар. Кәсіпкер үкіметте талқыланып жатқан жаңа Салық кодексі қабылданса, оның кәсібінің жағдайы қиындауы немесе тоқтап қалуы мүмкін екенін айтады.
“Қазір мен құрылғыларды жөндеуге қажет бөлшектерді жеткізушілерден сатып аламын. 12%-ға тең ҚҚС оның құнының ішіне кіріп тұр. ҚҚС 20%-ға жоғарыласа, қосалқы бөлшектер кем дегенде 8%-ға қымбаттайды. Сәйкесінше, мен де табыс табу үшін қызмет ақымды көтеруге мәжбүрмін. Ал менің клиенттерім – жаңа техника алмай, бұрынғысын жөндеп пайдаланатын қарапайым адамдар. Бірақ мен кенеттен әдеттегі бағадан қымбатқа жөндесем, оларға маған келгенше, жаңа құрылғы алғаны тиімді болады. Осылай, тұтынушыларым азаюы ықтимал. Оған қоса тіркеу шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендетсе, мен де кәсіпкер ретінде ҚҚС салығын төлеуге тиіспін. Табысым азайып, шығыным көбейеді. Сондықтан мен бұған қарсымын”, – дейді Қасым Темірхан.
Мұндай өзгеріс кәсіпкерлерді салықтан жалтаруға итермелеуі мүмкін
Экономист Қуанышбек Дүйсеновтің айтуынша, бұл экономика мен кәсіпкерлер үшін күрделі шешім болмақ. Әсіресе, бұрын құн салығы төлемеген шағын және орта кәсіпорындары үлкен соққыны сезеді.
“Бұл елдегі бағаның өсуіне және бизнес тиімділігінің төмендеуіне әкеледі. Ірі кәсіп иелеріне де қиын болуы мүмкін, бірақ олар шығындарын оңтайландырып, бағаны көтеру арқылы ішінара өтей алады. Теория тұрғысынан алғанда, бюджетке түсетін кіріс артатын шығар. Бірақ практикада бұл көлеңкелі экономиканың үлесін арттырып, кәсіпорындардың жабылуына немесе салықтан жалтаруға итермелеуі ықтимал. Біріншіден, көптеген кәсіпкер кассалық аппарат қолданбай, тауарларды "қолма-қол" сатуға тырысады. Екіншіден, кейбір шағын бизнес субъектілері өзін "жеке кәсіпкер" ретінде тіркемей, бейресми түрде жұмыс істейді. Үшіншіден, салық ауыртпалығын төмендету үшін жасанды түрде айналымды азайту, бірнеше жеке кәсіпкерлікке бөлу тәсілдері көбеюі мүмкін” – дейді экономист.
“ҚҚС салығы төмендейді де, әлеуметтік аударым азаяды” деген тиімді мәміле емес
Заңгер Ержан Есімханның айтуынша, салық көбейсе және тіркеу шегі 15 миллион теңгеге дейін төмендесе, Қазақстанда шамамен 330 мың кәсіпкер қосылған құн салығын төлеуі керек. Ал олардың бұған қаржы мүмкіндігі жетпейді.
“Бұл кәсіпкерлердің қаржы айналымы жылына 15-78 миллион теңге аралығында делік. Яғни айына 1,2-6,5 миллион теңге. Айына 6,5 миллион теңге айналымы бар кәсіпкердің қанша қызметкері болуы мүмкін? Әдетте 1-2 ғана қызметкері болады. Олардың жалақысы да миллион теңге емес. Үкімет әлі бір нәрсені түсінбейді немесе түсінгісі келмейді. Енді ҚҚС салығын төлей бастайтын бұл кәсіп иелері кәсібін жалғыз өзі жүргізуі мүмкін. Мұндай кәсіпорындардың жұмысшыларға жалақы төлейтін ақшасы жоқ. Жалғыз өзі жұмыс істесе ғана, пайда табуы мүмкін. Демек, ҚҚС көтеріледі, есесіне әлеуметтік аударымдар азаяды” деген мәміле ұтымды емес”, – дейді заңгер.
Заңгердің айтуынша, қарапайым қазақстандық азаматтардың қалтасына да ауыр салмақ түседі. Себебі елде азық-түліктің, тауардың – барлығының бағасы күрт көтеріледі.
“ҚҚС салығы екі операцияны қарастырады: қаржы айналымы және импорт. Елге импорт бір зат әкелсеңіз, ҚҚС салығын төлеуіңіз керек. Ал бізде киімнен бастап, смартфонға дейін импорт тауар. Салық көтерілсе – импорт заттың бәрі қымбаттайды. ҚҚС салығы 8%-ға жоғарыласа, импорт тауар да дәл солай. Оған қоса кәсіпкер импорт тауардың ҚҚС салығын алдын ала төлейді. Яғни елге бір миллион доллар тұратын құрылғы әкелесіз бе? Мемлекетке алдын ала 12% ҚҚС салығын төлеңіз. Қазір 12%, енді 20% болмақ. Мұндай ақша жоқ сізде, сондықтан сіз несие алуға мәжбүрсіз. Сізде мұндай ақша болса да, ақшаның да құны бар, сіз оны инвестициялай аласыз. Мұның бәрі, қысқасы, бизнес үшін шығын. Бизнес оларды өнімнің соңғы бағасына қосады”, – дейді Ержан Есімханов.
Инфляция жалпы 13-15%-ға дейін жетуі мүмкін
Қаржы бойынша сарапшы Арман Бейсенбаевтың айтуынша, Салық кодексіне қатысты мұндай ұсыныс шарасыздықтан ұсынылып отыр. Себебі мемлекет бюджетінің кірісі мен шығысы арасында үлкен алшақтық бар. Ал бюджетті толтырудың басқа тиімді балама әдісі жоқ.
“Қателеспесем, қазір бюджетіміздің кірісі шамамен 15 триллион теңге, ал шығыны 25 триллион теңге. Яғни 10 триллион теңгеге аз. Бұған бұл сома Ұлттық қор есебінен, БЖЗҚ-дан аударылды. Оған қоса қарыз алып, тапшылықты жабуға тырысты. Биыл жағдай қиындап кеткен болса керек. Егер ҚҚС салығын көтермесе, Ұлттық қор, БЖЗҚ-ның шамасы жетпеуі мүмкін. Ал қарыз ала беріп, өзіміздің түбімізге жетіп, төлей алмайтын жағдайға тап болып, мемлекет банкрот болуы ықтимал. ҚҚС салығы – үлкен картинаның бір кішкентай бөлігі ғана. Ел жағдайы нашарлай берсе, ҚҚС салығынан басқа акциздер, басқа да салықтар жоғарылауы ғажап емес”, – дейді қаржы сарапшысы.
Экономика министірінің сөзінше, ҚҚС көтеру арқылы мемлекет бюджетіне 6-7 триллион теңге қаржы құю жоспарланып отыр. Қаржы сарапшысы Арман Бейсенбайдың пікірінше, үкімет айтқан қаражат бюджетке түссе және дұрыс жұмсалса, “тапшылықты азайтамыз” деген мақсатқа жетуге болады. Бірақ бұл факт емес. Себебі ҚҚС салығы көтерілсе, кәсіпкерлердің жағдайы қиындайды. Кейбірі банкротқа ұшырауы, енді біреулері заңсыз жұмыс істеуі мүмкін. Мұндай кезде елдегі жағдай ушығып кетеді. Оған қоса сарапшы елде инфляция сөзсіз болатынын айтады.
“Бізде жыл сайын тұрақты түрде 7–8% инфляция болады. Бұл – біз үшін үйреншікті көрсеткіш. Оған ҚҚС салығына байланысты болатын кемінде 4% инфляцияны қосыңыз. Барлығы 12% болып отыр. Оған жанар-жағармай бағасының өсуінен тағы бірнеше пайыз қосатын болсақ, жыл соңына қарай инфляция 12%-дан да асып кетуі мүмкін. Оған тағы коммуналдық тарифтердің өсетінін ескеріп, 1% қосайық. Нәтижесінде инфляция 13-15% деңгейінде болуы мүмкін. Неде болса алдағы екі жыл Қазақстан экономикасы үшін қиын кезең болады”, – дейді маман.
Арман Бейсенбаевтың сөзінше, ҚҚС салығы, жанар-жағармай бағасы және коммуналдық тарифтердің өскені салдарынан елдегі инфляция 15%-ға жетсе, онда Ұлттық банкке де пайыз мөлшерлемесін көтеруге тура келеді. Мұндай кезде банктердегі несие қымбаттап, кәсіпкерлерге кәсібін жүргізу тиімсіз бола түседі.
“Кәсіпкерлер қиналып, кәсібін тоқтатып немесе қызметкерлерін жұмыс шығарып немесе жалақысын қысқартуы ықтимал. Сол себепті 2025 жылы қазақстандықтарға несие, ипотека сияқты қомақты сомаға қарыз алмауға кеңес беремін. Біліктілігін барынша арттып, кәсіби кадр болуға, ақшасын доллар етіп ұстауға тырысуы керек”, – дейді қаржы сарапшысы.
Мемлекет бюджетінің қаржысын қалай тұрақты етуге болады?
Аналитик Андрей Чеботаревтың сөзінше, қазір талқыланып жатқан салық реформасын кем дегенде үш жыл бұрын іске асыру қажет еді. Қазір мұның аса керегі жоғын айтады.
“Біз бұрынғыдай Ұлттық қордың қаражатына және қарызға алынған ақшаға өмір сүре аламыз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Дәл осылай көптеген дамыған мемлекеттер тіршілік етіп жатыр. Ұлттық қор бізге 10-15 жылға жетеді, мемлекеттік қарыздың деңгейі төмен болғандықтан, біз несие бойынша тағы 10-15 жыл өмір сүре аламыз. Осылай, бізде 20-30 жыл бар, бізде жергілікті және шетелдік бизнесті төмен салықтармен қолдауды жалғастыра аламыз”, – дейді сарапшы.
Экономист Қуанышбек Дүйсеновтің айтуынша, ҚҚС-ны көтермей-ақ, жаңа кәсіпорындар ашуға жағдай жасау қажет. Сонымен қатар, бюджеттегі тиімсіз, осындай "тақымды қысатын" жағдайдағы халыққа тікелей материалды пайдасы тимейтін шығындарды азайту керек.
“Оған науқандық және имидждік іс-шаралар шығыны, нәтиже көрсетпейтін және жаппай халық қатыспай жүрген спорт түрлеріне шығындар, қағаз жүзінде болатын мәдени іс-шаралар және тағы басқа шығындарды азайту керек. Сол кезде қарапайым халық пен шағын кәсіпкерлер зардап шекпейтін бюджет құруға болады. Екіншіден, прогрессивті салық салу жүйесін одан сайын жетілдіріп, ірі корпорациялар мен жоғары табысы бар тұлғаларға әділетті салық саясатын енгізу керек. Шартты түрде фотосалонда жұмыс істеп, айына 1,5 миллион теңгені әрең айналымда ұстап жүрген Сержанның 1/5 табысынан қарағанда айына 100 миллион теңгеден астам таза табыс табатын Нұрланның 1/5, тіпті көп десе 1/8 табысынан салықтың бюджетке пайдасы көбірек болады. Әлбетте, бұл жақта, салықты алып тастау керек деген радикалды түсінік қалыптаспау керек. Жалпы, оптималды жолдың бірі салықтық әкімшілендіруді жақсарту, шағын кәсіпкер мен тұтынушыға зияны тимейтіндей көлеңкелі бизнесті заңдастыру арқылы салық базасын кеңейтуге де болады”, – дейді экономист.