Қызметкерлер үйінен әкелген: Абай облысының әкімдігі жаңа жиһаз алмайтын болды
Фото: cobrio.club
Абай облысының әкімдігі 400 миллион теңгеден астам ақшаға жиһаз алатыны туралы ақпарат тараған еді. Дегенмен жергілікті билік мемлекеттік сатып алу рәсімін тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Абай облысы әкімдігінің мәліметінше, жиһаз жасауға жеті рет тендер жарияланған. Бірақ әр жолы олар жойылып отырған. Оған әлеуетті жеткізушілердің құжаттарының сәйкес келмеуі себеп болған. Содан кейін әкімдік сатып алуға қатысу талаптарын қиындатқан. Осылайша бұл лот та күшін жойды.
Сондай-ақ әкімдік жаңа жиһаздың неліктен қажет екенін түсіндірді.
"Қазір мемлекеттік органдардың қызметкерлері бұрын Семей қаласы әкімдігінің балансынан есептен шығарылған тозығы жеткен жиһаздарды пайдаланып жатыр. Оның үстіне қызметкерлер үйінен әкелген жиһазды пайдалануға мәжбүр. Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік орган жиһаз жасауды ұйғарған. Жиһаздың сапасы мен оған қойылған талаптарға қатысты сын айтуға болмайды, өйткені бәрі Қаржы министрлігінің бұйрығына сәйкес жасалған", – делінген хабаламада.
Айта кетейік, бұған дейін Абай облысының әкімдігі президенттің үкімет қаржысын үнемдеу туралы талабына қарамастан, 400 миллион теңгеден астам ақшаға жиһаз алдыратыны туралы жазған едік. Облыстың қаржы басқармасы жалпы сомасы 410 389 267,87 теңгеге жиһаз дайындау бойынша тендер жариялаған.

“Үш жерде жұмыс істесем де, отбасымды асырауға жетпеді”: Шотландияға кеткен отандасымыз Қазақстандағыдан 10 есе көп жалақы алатынын айтты
