Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үйі жоқ үш баланың анасы, контролер 67 044 теңге айлықты қанағат тұтуға мәжбүр": Ринат Зайытов биліктегілерге хат жазды

“Алатау” театрының басшысы Ринат Зайытов мекеме қызметкерлерінің жағдайының бара-бара төмендеп бара жатқанын айтып, Үкімет басшысына және билік басындағы бірқатар лауазымды тұлғаларға хат жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

© instagram.com/rinat_zaitov_resmi

Ринат Зайытов театр қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесіне байланысты сұраққа аталған тұлғалар жауап бере алады деген сенімде.

“ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов, ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Нұртілеу, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі Тамара Дүйсенова, ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қойылғалы тұрған сұраққа нақты жауап бере алатынын білемін.  Қазақстанда Ұлттық өнерге, мәдениетке бар күш-жiгерiмен үлес қосып, өз мемлекетінің карыштап дамуын калайтын азаматтардың бар екенiне менің көзім әбден жетті.

Ол – “Алатау” театрының ұжымы. Жанға бататыны, жұмысын адал істеп, әкiмдiктiн жұмсағанына жүгіріп, керегіне жарап, жаңа Президентпен жаңаша өмір сүруге үміттеніп отырған қызметкерлердің жағдайын қанша жасырсақ та, күннен-күнге төмендеп барады. Өйткені айналаны жайлаған қымбатшылық театрды да айналып өтпейтіні анық”, – деп жазды айтыскер.

Ақын бір кездері “Халықтың өмір сүруіне айына 100 мың теңге жетеді” деп жар салған депутатты, сол сөздерге өкпелеген халықты еске салды.

“Ендігі сұрақ: Алатау театрының кассирі А. Сәрсенова – үш баланың анасы. Ипотека төлеп отыр. Айлығы 74 705 теңге. Дәл осындай жағдайдағы контролер Г. Рахымғалиева 72 791 теңге алады. Ал үйі жоқ үш баланың анасы, контролер Р. Табанова 67 044 теңге айлықты қанағат тұтуға мәжбүр. Тағы сол сияқты 100-ден аса мысал келтіре аламын. Айтыңыздаршы, дүкендегi бағалар мен балалардың қарапайым негiзгi қажеттіліктерін ескерсек, көрсетілген ақшаны олар 30 күнге қалай жеткiзбек?” – деді Ринат Зайытов шенеуніктерге сұрақты төтесінен қойып.

Айтыскер аталған тұлғалар қойған сауалына қанағаттанарлық жауап ала алса, театр басшысының қызметінен өз еркімен кететінін айтты.

“Сұрағыма қанағаттанарлық жауап бере алсаңыздар, қызметімді өз еркіммен босатып, сіздердің тараптарыңызға бірде-бір жаман сөз айтпай, берген барлық мақтау-мадақтарыңызды қайтарып беріп, сонымен қатар айтыстан ұтқан "”Асыл домбырамды” сыйға тартуға уәде беремін”, – делінген жазбада.

 

Талқылау