Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызмет орнында TikTok-тың тікелей эфиріне шыққан әскери қызметкерге айыппұл салынды

Қызмет орнында TikTok тікелей эфиріне шыққан әскери қызметкерге айыппұл салындыФото: ЖИ

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында шекара басқармасының әскери қызметкері қызметтік тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл туралы Бейнеу аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Сотта әскери қызметкер Т-ға қатысты Әкімшілік кодекстің 652-бабының 6-бөлігі бойынша іс қаралды. Аталған бап – қызмет мүдделеріне елеулі зиян келтірмеген бұйрыққа бағынбау фактісін көздейді. Іс материалдарына сәйкес, азамат автотұрақ нарядында кезекшілікте тұрған кезінде ұялы телефон арқылы TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфирге шыққан.

Осылайша ол қызмет барысында мобильді құрылғыларды пайдалануға тыйым салатын Шекара басқармасы басшысының бұйрығын қасақана бұзған. Сот президенттің 2007 жылғы 5 шілдедегі №364 жарлығына сәйкес, әскери қызметкерлер командирлердің бұйрықтарын дәл әрі уақытылы орындауға міндетті екенін еске салды.

Сот отырысында Т өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді және жеңілдік жасауды сұрады. Ол өзін отбасының жалғыз асыраушысы екенін, төрт баланы тәрбиелеп отырғанын айтты.

Әскери қызметкердің кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, рапорттармен, түсіндірмелермен және істің өзге де материалдарымен дәлелденді. Аталған баптың санкциясы 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуды көздейді.

Кінәні мойындауын және ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескере отырып, сот жаза ретінде көзделген соманың 30 пайызы мөлшерінде айыппұл тағайындады. Айыппұл сомасы – 68 810 теңге.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 12 Қаңтар, 2026 21:07