"Қызының көзінше жасаған": Шымкентте ер адам бұрынғы әйелін пышақтап, буындырып, ақшасын ұрлап кеткен
9 сәуірге қараған түні Шымкентте 4 баланың анасы бұрынғы күйеуінің қолынан ажал құша жаздады. 32 жастағы Ақмарал Бубееваның әпкесі содан бері әділдік іздеп жүргенін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақмарал Бубееваның жеке мұрағатынан
Сөзінше туған сіңлісіне қастандық жасамай тұрып, бұрынғы күйеу баласы өлтіретінін ескерткен. Тіпті қыздың ата-анасына да мәлімдеген екен. Олар полицияға шағымданғанымен, тәртіп сақшылары арыз қабылдағаннан өзге шара қолданбады дейді Мәншүк Бубеева.
"Сіңлім мен күйеу балам 2013 жылы заңды түрде ажырасқан. Бірақ қайта табысып-айрылысып жүріп, арада тағы екі бала туды. Соңында Ақмарал енді қайта қосылмайтынын айтып нақты шешім қабылдады. Оны естіген бұрынғы күйеуі жай жібермейтінін, өлтіретінін мәлімдеп, қорқытқан. Тек сіңліме емес, ата-анама да хабарласып, қоқан-лоқы көрсетіпті. Мұны естіген ата-анам бірден полицияға арызданған. Шағымды қабылдағанымен жергілікті тәртіп сақшылары ешқандай шара қолданған жоқ. Егер әрекет жасаса, қазір сіңлім мұндай хәлге түспеуші еді", – дейді Мәншүк Бубеева.
Ақмаралдың әпкесінің сөзінше ескертуден кейін бұрынғы күйеу бала экс-жұбайының үйіне келеді. Ауласында жұмысынан күтіп алады. 4 баланың анасын ұрып жыққан ер адам желкесінен пышақ сұғады. Салдарынан өткір зат жұлынына тиіп, келіншек қимылдаудан қалыпты. Қаскөйді бұл да тоқтатпаған сыңайлы. Аяқ-қолы істен шыққан Ақмаралды буындыра түседі. Кейін әйелдің ақша мен құжаты бар сөмкесін алып қашқан.
"Сөмкенің ішінде 100 мың теңге болған. Онымен қоймай банк картасындағы қаражатын да өзіне алған. Араша түскен көршілері күдіктіні қуып жете алмапты. Ең өкініштісі шарасыз күйде жатқан анасын 14 жастағы қызы көрген. Қазір олармен психологтар жұмыс істеп жатыр. Ал бұрынғы күйеуінен озбырлық көрген сіңлімнің қайта аяқтан тұруы екіталай болып тұр. Қаншама дәрігерге көрсеттік. Қол-аяғының қимылдауына мүмкіндік аз дейді", – деп мәлімдеді Ақмаралдың әпкесі.
32 жастағы келіншек бүгінге дейін бала-шағасын жалдамалы пәтерде тұрып, өзі жұмыс істеп асырап келген. Перзенттерінің үлкені 14 жаста болса, кішісі 4-те. Осылай деген Мәншүк Бубеева күдіктінің араға 3 күн салып ұсталғанын айтады. Қазір бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғалып тергеу жүргізіліп жатыр. Келіншек қаржылай көмектің де ауадай қажет екенін айтады.