"Қызымның даусымен жол апатына түсіп қалдым деп хабарласты": Қазақстандық әйел алаяқтардың деректерді қайдан алатынын сұрап, үндеу жариялады
Желіде алаяқтардың қазақстандық әйелді алдамақ болғаны туралы видео қызу талқыға түсті. Әйелдің айтуынша, ол сол күні қызын әпкесінің үйіне қонуға жіберген. Алайда түн ортасында қызы апатқа ұшырағанын және дереу ақша салып жіберуін өтініп анасына хабарласқан. Бірақ соңында баласының жағдайы жақсы екенін білген. Алданып қала жаздаған әйел қызының шынымен үйінде жоқ екенін алаяқтардың қайдан білгенін түсінбейді. Ол кейін сіңлісінен қызының аман екенін біліп, алаяқтардың бұл әрекетінен жағасын ұстаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видео кадрларынан скрин
TikTok желісінде Меру есімді қолданушы басынан өткен оқиғаны баяндап берді.
“Достар күні кеше қатты күйзеліске түстім. Бұлай жасауға адамдардың қалайша дәті барады?
Қызым туған сіңлімнің үйіне қонуға кетті. Содан түнгі сағат 3-те маған дәл соның нөмірінен хабарласып: “анашым мен жол апатына түстім. Менің басыма, қолыма, аяғыма тігіс салды. Енді маған ақша керек. Мына нөмірге тез арада салып жіберіңізші, өтініш. Отаға төлеуім керек” деді. Қатты шошып кеттім, қол-аяғым дірілдеп, дүрбелеңге түстім. Сөйтіп ақша іздей бастадым. Күйеуімді оятып, тез ақша керек екенін айттым. Бір кезде ол менің хәлімді көріп, тоқтатты. Не болғанын сабырмен айтып беруімді сұрады”, – деді ол.
Әйел күйеуіне болған жайды айтқан.
“Қайта дәл сол кезде менде ақша болмағаны жақсы болыпты. Қызыма хабарлассам, оның телефоны өшіп жатты. Сөйтіп сіңліме хабарластым. Ол: “қызың ұйықтап жатыр, түнгі сағат 3-те саған не болды” дейді.
Егерде сол кезде менің өз шотымда ақша болғанда бірден алаяқтарға жібере салатын едім. Сондықтан абай болыңыздар! Бұл алаяқтар әдейі дәл түн ортасында ұйқылы-ояу кезіңде хабарласады. Мені таңғалдыратыны олар менің қызымның үйде жоқ екенін қайдан білді?”, – деді ол.
Видео астында желі қолданушылары бұл тақырыпты қызу талқылады. Онда көпшілік хакерлердің дауыс қойып, тіпті сол адамның нөмірінен хабарласа алатынын айтқан.
“Кейде олар қайда тұрғаныңды анықтай алмай қалады. Себебі бірде дәл менің көзімше әкеме мен болып хабарласқан. Әкем тұтқаны өзіме бере салған”, “Менде де мұндай оқиға болған. Шынымен дауысты айнытпай салады. Алайда сәл күмән болғасын кейін немереме қайта хабарласқанымда үйде ұйықтап жатқанын айтқан”, “Қауіпсіздік үшін әр отбасы өз арасында құпия сөз ойлап табуы керек. Сонда алаяқтар хабарласқанда сол құпия сөзді сұрайды”, – деп жазды пікір білдірушілер.
@meru3789 ♬ оригинальный звук - Meru
“Бұл жерде құқық қорғау органдары да әлсіз”
Stan.kz тілшісі осы тұста алаяқтардың тұрғындар туралы ақпаратты қайдан алатынын заңгер Нұра Өтегеннен сұрап көрді.
“Еліміздің заңнамасы бойынша жеке басқа қатысты ақпаратты тарату бұл қылмыс болып саналады. Соған қарамастан олар бәрібір өз дегенін жасап, деректерді тауып отыр. Көп жағдайда хакерлер көп ақпаратты электронды түрде алып отырғаны мәлім. Ал қалай алып отырғанын ешкім білмейді.
Олар жарнамалар мен түрлі платформалардан деректер жинайды. Тіпті 1414 нөмірін де хакерлер бұзып, түрлі хабарламалармен көпті алдағаны белгілі.
Заңнамамызда алаяқтық бабы бар. Бірақ бізді алдап жүргендер басқа мемлекеттерде халықаралық деңгейде жұмыс істеп жатқандықтан оларды ұстауға мүмкіндік болмай жатыр. Бұл жерде құқық қорғау органдары да әлсіз”, – деді ол.
Заңгердің айтуынша, алаяқтар үнемі дөп түспейді.
“Кейде баласы жанында тұрған кезде баласы болып хабарласқан жағдайлар да кездескен. Бұрын олар үй телефондарына хабарласатын. Үй телефондарын өшіріп тастағаннан кейін ұялы телефондарға көшті. Ал ұялы телефон нөмірлерін қайдан алатыны үлкен мәселе. Бұл жеке ақпараттарға қол сұғып, басқа адамдардың құқығына өтуі. Тіпті жасанды интеллект негізінде адамның суретін алып, түрі мен дауысын тура келтіріп, қулығын асырып жатыр. Ал оларды анықтау қиын болып отыр”, – деп қорытты ол.