Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қызымның шашын рұқсатсыз қырып тастаған": Ата-анасына ренжіген блогердің видеосы желіде қызу талқыға түсті

Тараздық тұрғын кішкентай қызын ата-анасына қалдырған кезде олар рұқсатсыз бүлдіршіннің шашын тақырлап алып тастаған. Ол бұған ашуланып, видео түсірді. Желі қолданушылардың көбі мұны жеке шекараны бұзу деп санады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Видеодан скриншот

Тараздық блогер Камила Уәлиева кішкентай қызын ата-анасына бір сағатқа қалдырғанын және үлкендер осы сәтте қызының шашын тақырлап тастағанын айтты. Ол үлкендердің рұқсатсыз осындай шешім қабылдағанына наразы. Видеода әйелдің қатты жылап қалғанын көруге болады.

“Бұған дейін қызымның шашын үш рет қырықтым, бірақ шашы сонда да қалыңдамады, әлі жұқа. Ұстарамен немесе арнайы машинамен алып тастадың ба, бәрібір, шаш жұқа болып қала береді. Сол заманның адамдары қандай өзі? Ол тұқымға, генге байланысты. Мың рет қырсаңыздар да, өзгермейді”, – деді ана.

Ол қызын балабақшаның ертеңгілігіне апаруы керек болыпты. Алайда шашын бұлай қырып тастаған соң қызын мазақтайды деп апармайтын болып шешті.

Видео 37 миллион қаралым жинады. Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі “мұнда тұрған ештеңе жоқ екенін, бәрі осыны бастан өткергенін” айтып, анасының камераға жылағанын сынаса, тағы біреулер жеке шекара мәселесін, яғни ата-ананың рұқсатынсыз ешқандай шешім қабылдауға болмайтынын түсіндірді. Сондай-ақ шаштың қалыңдығы оны қыруға байланысты емес деп те сөз таластырды.

“Ата-ананың хабарынсыз, әсіресе анасына айтпай, балаға бірдеңе істеуге, мұндай шешім қабылдауға ешкімнің құқығы жоқ. Мұндай әрекеттен кейін мен баламды бұл кісілердің қасында ешқашан қалдырмас едім”,

“Шаш үшін сонша байбалам шығарғаны несі?! Баланы алып кетіңіз, болды. Сол үшін видеоға түсіріп жылаудың қажеті қанша?! Шаш тіс емес қой, қайта өседі, сол үшін ата-анаңызды ұятқа қалдырып, олармен сөзге келу керек пе? Онда баланы ата-анаңызға қалдырмай өзіңіз бағыңыз”,

“Шашты қырған соң ол дұрыстап өседі, ал сол үшін неге ата-ананы ренжіту керек?”, “Шаш тіс емес, қайта өседі деп жазатындар, бұл  жерде әңгіме шаш туралы емес, ата-ананың жеке шекараны аттап, құрметсіздік көрсеткенінде. Бұл ана өз ойын ашық айтты, ал оны тыңдамапты”.

“Бұл жерде әңгіме баланың шашында емес, шекара мен сенімде. Әрбір ана құрметке лайық, әсіресе қарапайым, негізгі нәрселерде. Жағдайды ушықтырмай, бір-бірімізге қолдау көрсетейік” деді желідегілер.

Кейбір желі қолданушылары бала күнінде шашын қырқып тастағанынан құрдастарының мазағына ұшырағанын да жазды. 

Талқылау