Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мәйітін зорлаған": Шымкентте оқушы қолынан қаза тауып, денесі қоқысқа тасталған 26 жастағы келіншектің анасы қоғамнан араша сұрады

Қарлығаш ОңғарбаеваФото: Видеодан скриншот

Былтыр жазда Шымкент қаласында 26 жастағы Диана Оңғарбаеваны оныншы сынып оқушысы жиырма бес рет пышақтап өлтірді. Сот жасөспірімді небәрі 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Алайда марқұмның туыстары сот үкімімен мүлде келіспейді. Олар берілген жаза тым жеңіл деп санайды. Тұңғышынан айырылған Қарлығаш Оңғарбаева журналист Руслан Өтепбайға сұхбат беріп, жантүршігерлік қазаның егжей-тегжейін айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Он күн бойы іздеуде болған келіншек қоқыс маңынан пакетке оралған күйде табылған. Туыстарының айтуынша, Диана ақша табу үшін өзгенің үйін тазалауға кеткен. Алайда сол кеткеннен қайта оралмаған. Тергеу барысында келіншекті жұмысқа шақырған 10 сынып оқушысы оны азаптап өлтіргені анықталды. Қылмыстан кейін жасөспірім мәйітті түн ішінде қоқыс маңына апарып тастаған. 

Диана үй тазалаушы болып 21 шілдеде бірінші рет жұмысқа шыққан. Жасөспірім кешкі 18:00 шамасында Telegram желісіне үй тазалауға тапсырыс жариялаған, ал сағат 19:00-да марқұм кәмелетке толмаған баланың үйіне барған. Кейінірек күдіктінің ол үйде 3 күн бойы жалдамалы жұмыс істеп жүргені белгілі болды. 

“Сол күні түнге қарай Диананы іздей бастадық. Телефоны өшік болды, қоңырау да, хабарлама да бармады. Сөйтсек ол жігіт желіде анасының атынан сөйлескен екен. Қызмет құны 15 мың теңгеге келіскен. Бірақ ол үйде жинайтын ешнәрсе жоқ, өйткені баланың өзі сыртта құрылыс жұмыстарын істеген”, – деді ол. 

Марқұмның анасының айтуынша, жасөспірімнің мақсаты – қандай қыз келсе де жыныстық қатынасқа түсу болған. Қарлығаш Оңғарбаева қылмыскердің бәрін алдын ала жоспарлағанына сенімді.

22 шілде түнгі 01:45-те жасөспірім Диананың телефонынан құрбысына хабарлама жазған. Онда 3700 теңге аударып жіберуін сұрап, нөмір қалдырған. Құрбысы күдіктеніп күйеуімен бірге берілген нөмірге хабарласқанда “Мен Диана деген қызды танымаймын, мектепте оқимын, мені мазалай бермеңдер” деген жауап алған. 

“Ал бұл уақытта ол қызымды өлтіріп, қоқысқа апарып тастаған. Өлтіріп қана қоймай, қызымның мәйітін зорлаған”, – деді ол.

Қарлығаш Оңғарбаева полицейлер алғашында іздейтіндерін айтып, шығарып салғанын айтты. Кейінірек марқұмның сіңлісі барғанда, арызды қабылдамай қойған, ал мұның себебін “Іздеп жатырмыз, қайда барады дейсіздер. Құрбысынң үйінде отырған шығар” деп түсіндірген. Анасының арызы 28 шілдеде ғана қабылданған.

“Қаратау ауданы полиция бөлімшесіне қоңырау шалсақ іздеп жатқандарын айтады. Қылмыс болған үй жақта бақылау камералары жоқ екенін айтты, ал біз барып қарасақ онда камера бар. Сонда олар 10 күн бойы қызымды іздемеген ғой. Егер полиция қызымды іздеп, ертерек тапқанда мүмкін қызымның мәйіті бұлай құрттамас еді, ең болмаса түрін тануға болатын еді. Ал ол табылғанда тіпті түрін тани алмайтын күйде болды”, – деді ол.

Тұңғышынан айырылған ананың сөзінше, туыстары нөмірді бергеніне қарамастан, полицейлер 10 күн бойы ешқандай ақпарат анықтамаған. 

“Екінші қызым таныстары арқылы нөмірдің кімге тиесілі екенін іздеген екен. Нөмір қылмыскерге тиесілі болып шықты. Ол Қасқасу ауданының тумасы, 2008 жылғы екенін де біліпті. Қызым мұның бәрін полицейлерге барып өзі айтқан. Ал олар жасөспірімді іздеуге шықпаған”, – деді ол.

31 тамызда сағат 14:00-15:00 шамасында Диананың мәйіті табылған. Қапқа, үстінен қара пакетке салынған денені жұмыс істеген үйдің маңындағы қоқыстан өзге ер адам тапқан. Марқұмның отбасы алғашқы келіншекті тани алмаған.

“Түрін тани алмайтындай дейгейге жеткен. Екі көзі ішіне кіріп, ағып кеткен. Жағы қисайған, басы жабысып қалған. Кеңірдегін кесіп тастаған. Желкесіне, екі бүйрегіне, қол-аяқтарына пышақ сұғылған. Бірақ полицейлер бізден көп нәрсені жасырды. Өйткені қылмыскердің туысы Шымкенттегі Аудандық ішкі істер басқармасында жұмыс істейді екен, сол себептен жасырды”, – деді ол.

Туыстары Диананы киімінен ғана таныған көрінеді.

Тергеу барысында келіншекті жұмысқа шақырған 10 сынып оқушысы оны 26 рет пышақ сұғып өлтіргені анықталды. Қарлығаш Оңғарбаеваның айтуынша, бұған қоса, зорлық белгілері де байқалған, алайда полицейлер мұны жоққа шығарған көрінеді. 

“Тергеу барысында шикілік болды. Прокурор да, сот та баланың сөзін сөйледі, өйткені олар ақша алып қойған. Ол бала түрмеден 24 жасында шығады, оның тағы біреуді өлтірмейтініне кім кепіл? Сонда кәмелет жасқа толмаған бала деп осылай кешірім бере беруі керек пе?” – деді анасы.

Полицейлер қылмыскерді оқиға болған орында жұмыс істеп жүрген жерінен ұстаған. 

“Сен бе өлтірген?” деп сұрағанымда “мен емес, мен емес” деп мойындамады. Ақыл-есі бәрі түзу, ешқандай жерде тіркеуде тұрған жоқ.

Қарлығаш Оңғарбаеваның сөзінше, жасөспірім қолға түскен күні полиция бөлімшесінде барлық кінәсін мойындаған. 

“Ол Дианамен анасы болып сөйлескенін, ақшасын 15 мың теңге деп келіскенін айтты. “Өзімді таныстырсам, кішкентай бала деп келмей қояды, сол үшін анамның атымен шақырдым” деп мойындады. “Қызға өлтірмей тұрып тиіспекші болдым, ол көнбеді, өлтіргеннен кейін жыныстық қатынасқа түстім” деп өзі айтты”, – деді ол.

Алайда жасөспірімнің Диананың мәйітін зорлағаны туралы ақпарат сот-медициналық сараптама арқылы дәлелденбегендіктен, “Кісі өлтіру” бабы бойынша ғана сотталған. 

Марқұмның анасы Руслан Өтепбайға алғашқы тергеу барысындағы құжаттарды берді. Құжатта күдікті қылмысқа жыныстық қатынасқа түсу үшін барғаны, бұрын-соңды бір-бірін танымағаны айтылады. 

Құжатта:

“Сағат 20:00 шамасында үй тазалап бітірді де жұмыс ақысы 15 мың теңге болғанын айтып, менен сол ақшаны сұрады. Менде 15 мың теңге қаражат жоқ еді, содан мен анама қоңырау шалдым, бірақ анам жауап бермеді. Диана менен анамның нөмірін сұрады, мен бердім, Диана өзінің телефонынан қоңырау шалғанда анам көтерді. Сол кезде ол жұмысты аяқтағанын, ақысын аударып жіберуін сұрады. Сөйтіп анам менің істеп жүргенімді біліп қоймасын деп үйдің артындағы қазандық секілді кіші үйдің ішінен сабы ағаштан жасалған ас үй пышағын алып келіп, Диана артқа қарап тұрғанда мойын тұсынан 10 рет ас пышағын тығып, кейін жерге құлаған кезінде сол жақ бүйір тұсынан бір рет тығып алдым. Сол мезетте Диана маған ешқандай қарсылық көрсете алмады. Диананың нақты өлгенін білгеннен соң ақ түсті шалбарын шешіп, өзімнің түсті қара түсті спорттық шалбарым мен іш киімімді шешіп, Диана үйдің артында басы екі бетінен жерге қарап жатқан жерінде жыныс мүшемді оның жыныс мүшесіне енгізіп, шамамен бір минуттан кейін өзімдің ісімді бітірдім. Жыныс мүшемнен шыққан шәуетті сыртқа ағыздым. Содан жердегі барлық қанды шүмектегі сумен жуып, мәйітті үйдегі жасыл қапқа салып, үйге жақын орналасқан дүкеннен қоқыс салатын пакет пен скотч алып, қапқа салынған мәйітті пакетке салып, скотчпен орадым. 2025 жылы 22 шілде түнгі сағат 02:30 шамасында мәйітті үй ауласындағы арбаға салып, дүкеннен өткеннен кейінгі қоқысқа апарып тастадым”, – делінген.

Қарлығаш Оңғарбаеваның сөзінше бұл құжат сотта оқылмаған, кейінірек жыныстық қатынасқа қатысты тақырып көтерілгенде ол мойындамаған.

“Сот әділ өткен жоқ. Бұл сот өткенге дейін байқалды. Өйткені сәулеге барғаннан кейін ойын өзгертті. Сотта “істеген жоқпын, мені ұрды, қорыққаннан мойындадымі деп айтты. Сотта мәйітті қорлағаны бойынша іс қаралған жоқ, ол қаралғанда жазасы бұдан ауыр болатын еді”, – деді ол.

10 сынып оқушысының қолынан қаза тапқан Диана Оңғарбаеваның анасы қоғамнан араша сұрап, соттың әділ шешім шығаруын талап етті.

“Мен соттың әділ шешім шығарғанын қалаймын. Қылмыскердің өлім жазасына кесіуді немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраймын”, – деді ол. 

Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте мәйіті қоқыстан табылған Диана Оңғарбаеваны жақындары ақтық сапарға шығарып салғанын жазғанбыз. 

Балнұр Жұмаділла
Сәрсенбі, 21 Қаңтар, 2026 22:49