Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қызым қайтыс болды, құшақтағым келеді": Алматыда үндістандық студент қыздарды құшақтап, денесіне қол жүгірткен

Үндістандық белгілі журналистің мүгедектігі бар немересіне тиіскен Фото: Жәбірленушілердің берген суреті

Алматыда үндістандық студент бірнеше қызға тиісіп, азғындық жасамақ болған. Жәбірленушілердің бірі – қазақстандық белгілі журналистің кәмелетке толмаған, мүгедектігі бар немересі. Stan.kz редакциясы жәбірленуші тараппен тілдесті. Қыздың анасы жағдайдың қалай болғанын өзі баяндап берді.

Оқиға былтыр 24 желтоқсан күні сағат 19:20 шамасында Шәріпов-Жамбыл көшесінің қиылысында болған. Айыпталушы жасөспірім Жамбыл көшесіне түскенде бұталардың арасынан атып шығып, оны тоқтатқан.

“Ол қызыма телефонын көрсеткен. Араб тілінде жазылған екен. “Менің қызым қайтыс болды, біреуді құшақтағым келеді” деп жазған. Бейнекамерадағы жазбадан қызымның “жоқ, жоқ” деп ымдап, көрсеткені көрінеді. Ол ағылшын тілін түсінеді. Қызымның мүгедектігі бар, кәмелетке толмаған. Кейін шетелдіктің қаланың жоғарғы жағын қарай кеткенін, ал қыздың Шәріпова көшесімен төмен түсіп бара жатқанын видеодан көруге болады. Бірақ кері бұрылып, қызымды қуып жетіп, қайта телефонды көрсетті. Сол уақытта жақындап, тиісіп үлгерген”, – дейді Анна.

Қыздың анасының айтуынша, жәбірленушілер көп. Жасөспірім анансының “неге тоқтап қалдың” деген сұрағына “менің тұратын жерімді көріп, артыма түсіп ала ма деп қорықтым” деп жауап берген. Анасының айтуынша, қызының диагнозы – ми кемістігі, астма және эпилепсияның ауыр түрі. 

Шетелдік барлық жәбірленушілердің артына түсіп, сталкинг жасаған дейді Анна. Полиция қылмыстық кодекс бойынша “Ұсақ бұзақылық” бабымен іс қозғамақ болған, бірақ ол әйел мұның жыныстық қол сұғушылық екенін айтқан. Ол Алмалы ауданының жауап алу бөліміндегі қызметкерлердің өзін дөрекі ұстағандарын айтып, шағымданды. Аннаның сөзінше, барлық жәбірленуші шетелдіктің үстінен арыз түсірді.

“Ол “адасып қалғандықтан жол сұрадым” деген түр танытты. Бірақ басқа жәбірленушілер оның қаланың әр ауданында жүретінін айтты. Басқа жәбірленушілердің бірінің жасы 13-те. Қазір қызым жабырқаулы”, – дейді Анна.

Сондай-ақ ол елшілік қызметкерлері шетелдік студентке араша түсіп, өтемақы ұсынғанын растады. 

“Олар маған қанша ақша екенін айтқан жоқ. Бірақ ақша ұсынғысы келетінін жеткізді. Мен оның осы жерде сотталуы үшін бәрін істеймін. Біздің қыздарымыз сатылмайды”, – деді жәбірленушінің анасы. 

Ол үндістандықтың Асфендияров үниверситетінің студенті екенін атап өтті.

Айта кетейік, жәбірленуші қазақстандық журналистің немересі. Алайда Анна оның аты-жөнін атамауды өтінді. 

Тағы бір жәбірленуші үндістандық студентті 2025 жылы 7 желтоқсанда Қонаев көшесінде жаттығуға бара жатқанда кездестірген. 

“Үндістандық студент жақындап телефоннан бір нәрсе көрсетті. Жазуды оқып боламын дегенше ол мені құшақтап алды. Мен оны итеріп жіберіп, жылай бастадым. Сол кезде ол қашып кетті. Мен бірден арыз түсірген жоқпын. Өйткені оны таба алмай қаламын деп ойладым. Бірақ оны әлеуметтік желіде мүгедектігі бар қызға тиіскенін көргенде ашуланып кеттім. Бірақ полиция бұл істі “Сталкниг” деп тіркемек болды”, – дейді жәбірленуші.

Ол полиция қызметкерлеріне мұның жыныстық қолсұғушылық екенін, айыпталушының денесін, жамбасымнан ұстағанын айтқан.

Үндістандық студенттен зәбір көрген тағы бір жәбірленуші бар. Ол айыпталушының арам ойын әу баста түсінбеген.

“Бұл жағдай өткен жылы 6 қараша күні сағат 20:00-де Жылгелдин көшесінде болды. Ер адам телефонмен жаныма келді. Аудармасында “қызым қайтыс болды, біреуді құшақтағым келеді” деп жазылған. Мен мұны әлеуметтік эксперимент деп ойлап қалдым. Шаршағаннан болар, мән бермедім, құшақтадым. Бір сәтте ол ашықтан-ашық тиісе бастады. Денеме қол жүгірткен соң “жетер, маған бұл ұнамайды” деп кері итердім. Бірде ол маған ілесіп, Рысқұлов көшесіне дейін барды. Ол менің ағылшынша сөйлейтінімді білген соң өзін араб деп таныстырды. Қыр соңымнан қалмаған соң оған күйеуім барын, өзімнің алыста тұратынымды айттым. Бірде ол маған қолын созды, менің қолымды алған соң өзіне қарай тартып, құшақтады. Айналамызда адамдардың, камералардың болғанына қарамастан ол агрессивті түрде әрекет ете бастады”, – дейді жәбірленуші.

Сөйтіп ол кетуге ыңғайланып, шетелдік соңынан қалмай қойған соң “бұрыш жақта күйеуім күтіп тұр, ол қатты қызғаншық” деп өтірік айтқан соң ғана қалған. Үйіне дейін бармас үшін таба алмайды деген үмітпен мекенжайының алыста екенін жеткізген. Бірақ ол шетелдіктің қаланың ішін жақсы білетінін, бейімделгенін байқаған.

“Интернеті болмады, соған қарағанда керек мекенжайды таппайды деп ойладым. Бірақ ол қайда бара жатқанын, қай жолмен қайтатынын жақсы білді. Мен арыз жазбадым. Кеше “Немолчидің” жазбасын көріп қалдым. Суретте беті көрінбесе де оның сол адам екенін білдім. Өйткені оқиғаның желісі өте ұқсас болды”, – дейді жәбірленуші.

Айым Болатқызы
Жұма, 16 Қаңтар, 2026 14:54