Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қызылжар" клубының экс-бапкері Әли Әлиевтің ісіне қатысты сот үкімі шықты


Фото: ҚФФ

Петропавлда "Қызылжар" футбол клубының басшылығы мен футболдан ұлттық құраманың бас бапкері Әли Әлиев арасындағы дау-дамай бойынша сот шешімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ресми мәліметке сүйенсек, Әли Әлиев футбол клубынан жүлделі орындар үшін бонус, еңбекақы берешегі және өтемақы төлеуді талап еткен. Әңгіме 201 млн теңге аясында болып тұр.

"Қызылжар" футбол клубының Әли Әлиевпен жасалған қосымша келісімдерді заңсыз деп тану туралы талабы қанағаттандырылды. 

"Қызылжар" футбол клубы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Әлиев Әли Ханалиевичке қарсы 2023 жылғы 1 маусымдағы № 34-2024 еңбек шартына қосымша келісім мен 2022 жылғы 30 сәуірдегі № 68-2021 еңбек шартына қосымша келісімді заңсыз деп тану туралы талап қанағаттандырылсын. Сонымен қатар аталған футбол клубы мен Әли Әлиевтің арасында жасалған 2023 жылғы 1 маусымдағы № 4-2024 еңбек шартына қосымша келісім заңсыз деп танылсын", — делінген сот шешімінде.

Сондай-ақ ресми ақпаратта "Қызылжар" футбол клубы мен ұлттық құраманың бас бапкері арасында жасалған 2022 жылғы 30 сәуірдегі еңбек шартына қосымша келісімнің де заңсыз деп танылғаны айтылған.

"Әли Әлиев "Қызылжар" футбол клубы ЖШС-ның пайдасына 3 932 теңге көлемінде мемлекеттік баж төлемі және өкілдің қызметі үшін 1 000 000 теңге өндіріп алынсын. Бұл шешімге оның толық нұсқасы шығарылған күннен бастап 1 ай ішінде апелляциялық шағым беруге немесе прокурор тарапынан апелляциялық өтінішхат келтіруге құқылы. Шағым Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына Петропавл қаласының № 2 соты арқылы беріледі. Сот талқылауына қатыспаған тұлғалар үшін аталған мерзім оларға шешімнің көшірмесі жолданған күннен бастап есептеледі", — деп түсіндірілді өңірлік соттан.

Еске салсақ, осыған дейін сот "Қызылжар" клубының экс-бапкері Әли Әлиевтің жалақысы заңсыз жоғары болғанын растаған еді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 29 Шілде, 2025 20:59
Талқылау
`