Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Қызылжар” клубының бұрынғы бас бухгалтері 7 жыл 6 айға сотталды

бас есептші сотталдыФото:Qazaqstan media

Петропавл қаласында "Қызылжар" футбол клубының экс-бас бухгалтеріне қатысты сот үкімі жарияланды. 63 жастағы Ольга Замелацкая 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Қазинформға сілтеме жасап хабарлайды.

Тергеу дерегіне сәйкес, ол 2023 жылдан бастап қаржылық есепте жалған құжаттар рәсімдеп, заңға қайшы әрекеттерге барған. Сот барысында оның сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі көлемде иемденгені және салық пен басқа да міндетті төлемдерден жалтарғаны анықталды. Осыған байланысты ол Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы және 245-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.

Аталған іс бойынша сот процесі өткен жылдың шілде айында басталған. Петропавл қалалық соты айыпталушыны кінәлі деп тауып, сот залында қамауға алынды.

Үкімге сәйкес, Замелацкая жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Сонымен қатар, ол 7 жыл мерзімге материалдық жауапкершілігі бар және басшылық қызметтерді атқару құқығынан айырылды.

Сот шешімімен айыпталушыдан "Қызыл-Жар СК" футбол клубының пайдасына 67 млн 225 мың теңге көлемінде материалдық залал өндіріледі.

Бұдан бөлек, клуб өкілінің адвокаттық шығындары ретінде 3 млн теңге, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің пайдасына 287 млн 163 мың теңге және 10 млн 721 мың теңге көлемінде мемлекеттік баж салығы өндірілетін болды.

Айта кетейік, бұған дейін Петропавлдағы "Қызылжар" футбол клубының басшылығы мен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Әли Әлиев арасындағы дау да сотқа дейін жеткен.

Ақерке Өмірхан
Жұма, 23 Қаңтар, 2026 12:20