Қызылордалық мұғалім адам өлтіруге оқталды деген күдікпен ұсталды
Фото: Рexels.com
Қызылорда облысында мектеп мұғалімі әйелді өлтірмек болды деген күдікке ілініп, ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде мектеп мұғалімінің адам өлтірмек болғаны туралы ақпарат тарады. Шиелі ауданындағы ауылдардың бірінде ер адам әйеліне балта алып жүгірген. Аудандық білім бөлімінде ер адамның ауыл мектептерінің бірінде 21 жылдық тәжірибесі бар биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтінін растады.
Күдікті адам өлтіруге оқталғаны үшін ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
“Тергеу жүріп жатыр. Басқа ақпарат жариялауға жатпайды. Іс департамент басшылығының бақылауында”, – деп мәлімдеді Қызылорда облысы полиция департаменті.
Шиелі аудандық ауруханасының мәліметінше, 42 жастағы әйел 19 сәуір күні ауыр жағдайда ауруханаға түскен. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
“Дәрігерлердің қойған диагнозы бойынша, науқас басынан соққы алған, бірнеше сүйектері сынған. Сондай-ақ басқа да жарақаттары бар. Науқасқа ота жасау үшін облыстық орталықтан аудандық ауруханаға травматолог пен нейрохирургтер келді. Әйелдің жағдайы қазір тұрақты болғанымен, дәрігерлер ауыр деп бағалап отыр. Қазір науқасқа тиісті ем-шаралар жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді аудандық аурухананың баспасөз қызметі.
- “19 жерінен пышақтаған”: Түркістанда ер адам әйелінің туысын өлтірмек болды
- Пышақпен шабуылдаған адамнан сақтады: Алматыда ит иесін қорғаймын деп өлді
Бұған дейін Орал тұрғынын кек алмақ болып, өз үйінің ауласында атып кеткен еді.

Қазақстандық компаниялардың акцияларына АҚШ-тың баж салығына қатысты жаңа тарифі қалай әсер етті?
