Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордадағы пәтерлердің жертөлесінде қанғыбастардың өлі денесі табылуда

Қанғыбас адамдар Қызылорда қаласындағы көпқабатты пәтерлердің жертөлесін жаппай паналауда. Қыс мезгілінің келуіне байланысты, үйсіздер жылы жер іздеп, есігі жабық емес жертөлелерге кіріп алады екен. Алайда шақырылмаған көршілерге үй тұрғындары риза емес көрінеді. Айтуларынша, көше қанғыбастары тазалық мәселелерін тудырып қана қоймай, түннің екі ортасында шу шығарып, кетіп бара жатқан адамдарға тиісе жөнеледі. Тіпті, жертөлелерде олардың өлі денесі табылған кездер де болыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап. 

Күн суытқан соң панасыз адамдар жаппай көпқабатты үйлердің жертөлелеріне көше бастайтын көрінеді. Мұнымен қоймай олар сол үй тұрғындарының мазасын алады да екен. 

"Өткен жылы олардың екеуі жертөледе жатып өліп қалыпты. Олардың мәйіттерін біздің үйдің балалары тауып алған. Неткен сұмдық!", - деді Қызылорда қаласының тұрғыны Гүлфина Бектемірова. 

"Біздің үйдің жертөлесінде үнемі осы мәселеге тап боламыз. Қанғыбастар жертөледе есірткі шөп шегіп қана қоймай, суды ағызған күйі қалдырып кетеді. Бұған қоса жылу жүйесінің құбырларын ұрлайдф", - Қызылорда қаласының тағы бір тұрғыны Гүлсім Тоқбаева.  

Пәтердің жертөлелері қыстыгүні қанғыбастар үшін тұрғын үйге айналады. Ал есіктің құлыптарын олар сындырып тастай салатын көрінеді.

"Біздің қызметкерлер олардың артын үнемі тазалап жүреді. Қанғыбастар не істегісі келсе, соны істейді. Таң ата салысымен қызметкерлеріміз бірінші кезекте жертөлелерді тексереді. Егер ол жерде үйсіз адамдар анықталса, полиция шақыртамыз. Өйткені үйсіз адамдар мас, олар қызметкерлерімізге шабуыл жасайтын кездер де болды",  - деді "Қызылорда тазалығы" ЖШС-нің директор орынбасары Сапарғали Асылбеков.

Жалпы, қанғыбастардың тудыратын қиыншылықтары мұнымен бітпейді. Олардың көбі маскүнем әрі ұрлыққа бейім болып келеді. Қала ПД-нің тіркеуінде 100 астам қанғыбас адам бар көрінеді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, тіркеудегі адамдардың барлығы да коғамға тигізетін қаупі жоғары екен. 

"Қанғыбас көбіне майда қылмыскер: олар қоғамдық орындарда арақ ішіп, төбелеседі немесе тұрғындардың мазасын алып жатады. Бұл үшін заңда әкімшілік жаза қарастырылған. Бірақ қаңбастар айыппұлға ақшаны қайдан тапсын?", - деді қалалық полиция басқарма басшысының орынбасары Ердәулет Жаукиев. 

Дегенмен Қызылорда қаласында панасыз адамдарға арналған арнайы мекеме де бар көрінеді. Ол жерде қанғыбастарға жататын жер табысталып, тегін ас та беріледі екен. Алайда далада тұрып үйреніп қалған адамдар арақ ішу үшін бұрынңы өмірлеріне қайта оралып жатады,

"Мен бірнеше рет маскүнемдікке салындым, тіпті, соның кесірінен өліп те қала жаздадым. Бірақ қазір намаз оқимын, арақ ішуді доғардым, дұрыс жолға көштім", - дейді Сағитжан Құтжанов. 

Қазіргі таңда жыл басталғалы бері үйі жоқ адамдар 300-ден астам ірілі-ұсақты қылмыс жасап үлгерген. Дегенмен қыстың келуімен олардың жағдайы ауырлайтын көрінеді. Ал аязды суық күндері оларға пәтер жертөлелері ғана пана болады екен. 



 

Талқылау