Қызылордада өздігінен жүруден қалған 95 жастағы тыл ардагері мүгедектік ала алмай әлек
Фото: Видеодан скрин
Қызылорда қаласында жүріп-тұра алмайтын, әрі есту-көру қабілетінен айырылған 95 жастағы тыл ардагері мүгедектік ала алмай жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қарияның туыстарының айтуынша, дәрігерлер әртүрлі құжатты сылтауратып, тиісті диагноз қоймай, әбден әуреге салған. Бірнеше айдан бері құжат жинап шаршаған жандар енді құзырлы органдарға шағымданбақ.
95 жастағы тыл ардагері Бейбіш Әлиева жылдан-жылға денсаулығы нашарлап, төсек тартып қалған. Балаларының айтуынша, қос жанары көрмей, есту қабілеті мүлдем нашарлап кеткен. Сөйтіп олар мүгедектік алуға құжат жинаған.
“6 дәрігер үйге келді. Көрді де, рентгенге апару керек деді. Біз апара алмаймыз дедік. Жатысы осы. Жүргізе алмаймыз, тұрмайды. Құлағы естімейді, көзі көрмейді. Соның өзіне бір айдан асып бара жатыр. Көреміз, үйтеміз-бүйтеміз деді. Дәрігерлер көмек берудің орнына жұмысымызды көбейтіп отыр”, – дейді кейуананың қызы Несібелі Әлиева.
Осылайша қарияның балалары анасының мүгедектік ала аламауына дәрігерлерді кінәлап отыр.
Ал әлеуметтік бағдарламаларға жауапты департаменттің мамандары кейуананы қинап қойған дәрігерлердің әрекетін түсіне алмай дал. Айтуларынша, қарияға құжат жасаудың өзге де жолдары бар.
“Жасына байланысты трансплантация жасау мүмкіндігі болмағандықтан жолдары бар. Бірінші үйден шықпай жасауға болады. Егер науқас емханаға бара алмайтын жағдайда болса, шақырып, дәрігерлер үйіне барып, көруге болады. Мысалы, окулист, психиатр, невропотолог шақырып, қорытынды жасап, мәлімет жинайды. Сыртқа шықпай-ақ та үйінің ішінде мүгедек деген белгілері болса, бізге жолдайды”, – дейді Қызылорда облыстық халықты әлеуметтік қорғау және бақылау департаментінің бөлім басшысы Мадина Жұмағалиева.
Жауаптылардың сөзіне сенсек, дәрігерлер бар жұмысты өздері қиындатып отыр. Ал ғасырға жуық ғұмыр кешкен әжейдің күн өткен сайын жағдайы нашарлап барады дейді жақындары. Сол себепті ісіне салғырт қараған медицина мамандарының үстінен сотқа шағым түсірмек.
"Аппақ дәлізбен жүріп өтіп, жындарды көрдім": Жүрегін ауыстырған қазақстандық клиникалық өлім мен тылсым құбылыс туралы айтты