Қызылордада дәрігерлер жаңа туған нәрестенің аяғын күйдіріп тастаған
Қызылордадағы перинаталды орталықта процедура кезінде жаңа туған нәрестенің аяғы күйіп қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Facebook.com/Әйгерім Әбілтаева
Жәбіленушінің жақыны Әйгерім Әбілтаеваның айтуынша, осыдан бірнеше күні бұрын аяғы ауыр келінінің қысымы көтеріліп, аудан дәрігерлері оны шұғыл түрде облыстық перинаталдық орталыққа жіберген. Әйелге кесарь тілігін жасап, босандырған.
“Қалаға жібергеніне қуандық. Не дегенімен ондағы дәрігерлер білікті деп ойладық. Бірақ біз барғанда келініммен де, дәрігерлермен де кезедсуге рұқсат бермеді. Кейін сәбидің кувезде жатқанын, жағдайы ауыр екенін білдік. Күні кеше келінім жылап телефон соғып, баланың аяғы күйіп қалғанын айтты”, – деп жазды Әйгерім Әбілтаева өзінің Facebook парақшасында.
Дәрігерлер баладан анализ алмақ болғанда өкшесін спиртпен күйдіріп алған. Сөйте тұра олар анаға баласын бермей қойған. Тіпті жөргегін ауыстыруға рұқсат етпеген.
“Күнде тексеру жүргізетін педиатр, жансақтау бөліміндегі жауапты қызметкерлер қайда отыр? Жараға инфекция түскенін күтіп отыр ма? Ол асқынып кетсе не болады. Оны неге ешкім ойламайды? Байқұл бала онсыз да жасанды желдету аппаратында жатыр еді. Енді мынаусы несі? Кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етеміз”, – дейді Әйгерім Әбілтаева.
Облыстық перинаталдық орталық бұл оқиғаға қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
“Барлық жауапты қызметкерлерден қандай қызмет көрсеткендері туралы ақпарат алдық. Нәрестеге күтім жасау кезінде қызметкерлер жіберген қателіктер үшін оларға тиісті шара қолданамыз”, – деп мәлімдеді орталық.